Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Астана Балет» сахнасында Мариин театрының солистері өнер көрсетеді

2021 жылдың 18 қаңтар 2021 12:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 29 және 30 қаңтарда «Астана Балет» театрында әлемдегі ең танымал балеттердің бірі - П.Чайковский музыкасына Василий Вайнонен қойған «Шерткіш» көрсетілетін болады, деп хабарлайды аталған өнер ордасының баспасөз қызметі.

Бірінші күні «Астана Балет» сахнасында Машенька мен Шерткіштің партиясын Мариин театрының әртістері – прима-балерина Оксана Скорик пен солист Евгений Коновалов орындап шығады. Екінші күні, яғни, 30-қаңтарда басты партияларды «Астана Балеттің» жетекші солисттері Татьяна Тен мен Сүндет Сұлтанов орындайды.

Оксана Скорик классикалық мұраның алтын қорына жататын көптеген партияларды орындап келген. Оның ауқымды репертуарында Ханс ван Манен, А.Ратманский, У.МакГрегор және өзге де заманауи хореорафтардың туындылары да бар. Көптеген халықаралық конкурстар мен сыйлықтардың лауреаты Оксана Скорик Пермь хореография училищесін 2007 жылы аяқтап, сол жылы Мариин театрының труппасына қабылданып, 2015 жылы прима-балерина мәртебесіне ие болды. Ваганова атындағы Орыс балеті академиясының түлегі Евгений Коновалов Мариин театрында 2012 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Ол да классикалық репертуармен қатар, XX және XXI ғасыр хореографтарының туындыларын меңгерген.





Айта кетейік, «Астана Балет» театрында «Шерткіштің» Василий Вайнонен қойған нұсқасы көрсетілмек. Төрт жыл бұрын оны астаналық театр сахнасына РФ халық әртісі, ҚазҰХА ректоры Алтынай Асылмұратова қойды. Вайноненнің «Шерткіш» балеті ертегідей жарқын әрі сиқырға толы спектакль саналады. Бәлкім, балаларға арналғандықтан шығар. Оның үстіне, өнер көрсететін де балалар. Театрдың кәсіби әртістерінен бөлек, спектакльге Қазақ ұлттық хореография академиясының жүз алпысқа жуық студенті мен оқушысы қатысады.

Академиялар мен училищелерде тәлім алатын бишілердің өскелең ұрпағының осы тектес байқауы әлемнің көптеген театрлары үшін дәстүрге айналған. 1958 жылы Мариин театры өзінің «Шерткішін» Ваганова атындағы Орыс балеті академиясына сыйға тартып, сол кезден бастап, оқу орнының түлектері бұл спектакльді дипломдық туынды ретінде орындап, үлкен сахнада өнер көрсетіп, мол тәжірибе жинақтайтын болды.




Спектакль негізіне қуыршақ пен тышқан королі туралы Э. Гофманның неміс ертегісінің А. Дюма-әке баяндаған нұсқасы алынып отыр. Спектакль сценографиясын жобалап, жасап шыққан Жандос Омаров, костюм суретшісі – Ольга Шаишмелашвили. Симфониялық оркестрдің жетекшісі маэстро Арман Оразғалиева.






Басты сөздер: Мәдениет, Нұр-Сұлтан, Өнер,
Жоғары қарай