Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Әскерге шақырылатын 300 мыңға жуық азаматтың 40 мыңының ғана денсаулығы жарамды

2020 жылдың 1 қазан 2020 12:04

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жыл сайын əскери қызметке шақырылатын 300 мыңға жуық азаматтың 40 мыңының ғана денсаулығы әскери борышын өтеуге жарамды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолданған сенатор Нұржан Нұрсипатовтың депутаттық сауалында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі депутаттық сауалға ұрпақ тәрбиесінде, біздің пікірімізше, әлі де тиісті деңгейде жүргізілмей жатқан, назарсыз қалып қойған күрделі мәселе себеп болып отыр. Ол - балаларымызға әскери-патриоттық, отаншылдық рухта берілуге тиіс тәрбие. Тәрбие тамыры ұлттық рухани құндылықтармен, отаншыл сезіммен суарылған бала ғана ертең мемлекеттің қауіпсіздігіне, Тәуелсіздігіне алаңдайтын, Отанының болашығы үшін жауапкершілікті мойнына ала білетін азамат болып өседі. Әскер қатарында білімді, білікті сарбаз болады. Қоғам мүддесін бәрінен биік қоятын мемлекеттік қызметкер болады. Отанды қорғау-әрбір Қазақстан азаматының абзал борышы. Ол ең алдымен, отнашылдықтан, әскери-патриоттық тәрбиеден басталады», - деді сенатор.





Оның атап өтуінше, әлемде болып жатқан саяси-экономикалық дағдарыс, пандемия жағдайы бұған дейін тоқтатуға мүмкін емес болып көрінген жаһандану үдерісіне тежеу болды. Әр мемлекет бүгінде ішкі мәселелеріне, әсіресе білім, ғылым, медицина, мәдениет, ұрпақ тәрбиесіне, қауіпсіздік пен қорғаныс саласына ерекше мән бере бастады.

«Осы орайда, біздің мемлекеттің де әскери- патриоттық тәрбиеде заман сұранысына сай өз көзқарасы мен өз педагогикалық, сондай-ақ, болашақ сарбаз тәрбиелеудегі методикалық төл тәсілдері қалыптасуы керек деп ойлаймыз. Бүгінгі күні жыл сайынғы əскери қызметке шақырылуға жататын азаматтардың саны 300 мыңға жуық болса, соның 40 мыңының ғана денсаулығы әскери борышын өтеуге жарамды. Әскер қатарына шақыру қағазын алған азаматтардың 25,4 пайызы әскери қызметке психологиялық және моральдық тұрғыда дайын емес. Әскери қызметке шақырылудан жалтару мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Ал, Үкіметке Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әскерінің беделін көтеру жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осы орайда айтарымыз: бұл жұмысты нәтижелі жүргізу үшін бірнеше мемлекеттік орган жұмылу керек. Қорғаныс, Ақпарат және қоғамдық даму, Білім жән ғылым, Мәдениет және спорт министрліктері күш біріктіру қажет», -деді ол

Сенатордың айтуынша, насихат жұмысы аясында әскери-патриоттық рух, мәдениет пен ұлттық тарихты, ұлт батырларын, өз кәсібінің шебері болған отандық тұлғаларды насихаттайтын хабарлар, фильмдер түсіріліп, кітаптар шығарылып, интернет-контент жасалуы тиіс. Мұндай контенттің қаралымы көп, таралымы кең болуы үшін оның көрерменге ұсыну формасы да сапасы да заманға сай болуы керек.

«Сауалымыздың ең маңызды тұсы: әскери-патриоттық тәрбие мәселесі қолданыстағы заңнамада бекітілмегендігі. «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы», сондай-ақ «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңдарының ескі, 1993 жылғы редакцияларында тапсырма ретінде бекітілген еді. Алайда, заңдардың жаңа редакциясында бұл тапсырмалар, заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлердің деңгейіне түсірілген. Осыған орай, әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстарын жүргізуді мемлекеттік органдардың басты тапсырмаларының бірі ретінде заңнамалық тұрғыда бекіту, олардың өз-ара жұмыстарын үйлестіру және насихаттау жұмыстарында заманауи ақпарат құралдарын белсенді пайдалану мәселелерін қарастыруларыңызды сұраймын», - деді Нұржан Нұрсипатов.


Жоғары қарай