Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Асқар Мамин өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бірқатар тапсырма берді

2021 жылдың 28 қыркүйек 2021 10:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тұрғын үйлер мен биік ғимараттарды пайдалануға берген кезде өрт қауіпсіздігінің талаптарын күшейту іс-шараларын қабылдау қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы елімізде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін қарап, жүйелі проблемаларды шешу бойынша тиісті құжат қабылдауды тапсырған болатын. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша әзірленетін Жол картасында өрт сөндіру бекеттерін техникамен уақтылы қамтамасыз ету, ерікті өрт сөндіру құралымдарын дамыту, ерікті өрт сөндірушілерге арнайы кепілдіктер мен жеңілдіктерді ұлғайту мәселелерін қарастыруды тапсырамын»,- деді Үкімет басшысы.

Осы ретте Премьер-Министр адамдар көп жиналатын нысандарды, тұрғын үйлер мен биік ғимараттарды пайдалануға берген кезде өрт қауіпсіздігінің талаптарын күшейту іс-шараларын қарастыру қажеттігін баса айтты.

«Осыған байланысты мынадай тапсырма беремін. Бірінші, Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге биылғы 20 қазанға дейін Премьер-Министр Кеңсесіне Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жол картасының келісілген жобасын енгізуді тапсырамын. Екінші, өңірлердің әкімдіктерімен бірге от жағу маусымындағы өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша тұрғындармен профилактикалық жұмысты күшейтсін», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы осы мәселеде жәрдем көрсетуді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жүктеді.

«Үшінші, Индустрия министрлігі, өңірлердің әкімдіктері газ жабдығы мен тұрмыстық баллондардың қауіпсіз пайдаланылуын жүйелі түрде бақылауды және талаптарды қатаңдатуды қамтамасыз етсін», - деді Асқар Мамин.


Жоғары қарай