Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Асқар Мамин Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе отырысын өткізді

2021 жылдың 23 тамыз 2021 16:43

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкімет басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.

Жеңілдікті несие беру бағдарламалары мониторингінің нәтижелері, мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын әзірлеу бойынша бизнеске жүргізілген сауалнаманың аралық қорытындылары, «Ashyq» жобасын іске асыру, микроқаржы ұйымдары мен өңірлердің экономикалық картасы мәселелері, мемлекеттік сатып алулардағы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы жергілікті қамту мәселелері қаралды. БЖК-2025 бағдарламасын іске асырудың оң қарқыны байқалады. Осы жылдың қаңтар-шілде айларында 408,3 млрд теңге сомасына шамамен 14 мың жоба субсидияланды, субсидиялардың жалпы сомасы 47,7 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар «Даму» қоры 170,2 млрд теңге сомасына 10,9 мың жобаға кепілдік берді, кепілдіктердің жалпы сомасы 87,4 млрд теңгені құрайды. Субсидиялау құралының негізгі тұтынушылары – шағын және орта бизнес, бұл жобалар саны бойынша 99%-ды және жобалар сомасы бойынша 90%-ды құрайды. Кепілдіктердің негізгі тұтынушылары – сауда және өңдеу өнеркәсібі салаларының кәсіпорындары, бұл қол қойылған кепілдіктердің жалпы санының 60%-ын және олардың жалпы сомасының 50%-ын құрайды. «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша 774 млрд теңге сомасына 2996 жоба мақұлданды, 666 млрд теңге сомасына 2441 жоба субсидияланды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда «Бастау Бизнес» жобасының түлектеріне несие беру үшін 15 микроқаржы ұйымы (МҚҰ) құрылды. Өтінімдерді қабылдау осы жылдың 15 шілдесінде басталды, осы уақытқа дейін шамамен 1,6 мың жаңа жұмыс орнын құрумен, жалпы сомасы 4,58 млрд теңгеге 797 жоба бойынша өтінімдер қабылданды. Басым бағыттар бойынша мал шаруашылығы, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер өндірісі, сауда саласындағы жобалар көш бастап тұр. Ең көп өтінім Қарағанды (120), Жамбыл (100) және Шығыс Қазақстан (83) облыстарында берілді.

Жобаның әлеуметтік және экономикалық маңыздылығын ескере отырып, Премьер-Министр бөлінген қаражатты соңғы қарыз алушыларға тиімді жеткізу мәселесін қысқа мерзімде пысықтауды тапсырды. Отырыс барысында «Ashyq» жобасын одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта оған қатысушылардың саны 111 мыңнан асады. Олардың жартысынан көбі сауда, тамақтану және білім беру салаларында қызмет көрсетеді. Карантин талаптарын бұзушыларды анықтау жобаға қатысушылардың санын арттыру есебінен 15 есе өсті. Бизнес субъектілерін қамтуды одан әрі ұлғайту мақсатында «Ashyq»-қа қатысуға өтінім беру және QR-код алу тәртібі жеңілдетілді. Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп «Ashyq» жобасына қатысушыларға демалыс күндері жұмыс істеуге мүмкіндік беру мәселесін пысықтауды тапсырды. «Атамекен» ҰКП-ға орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бизнесті Мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың бірыңғай тізілімін қалыптастыру үшін заңнамаға енгізілетін қажетті өзгерістерге талдау жүргізу, сондай-ақ тиісті тәсілдер мен критерийлерді дайындау тапсырылды. «Өңірлердің экономикалық картасы негізінде Мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың бірыңғай тізілімін құру бизнесті қолдау шараларының барлық спектрінің тиімділігіне мониторинг жүргізу және талдау сапасын арттыруға мүмкіндік береді», — деді А. Мамин.

Отырыс барысында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов ең көп зардап шеккен салалардың қазіргі жағдайы және экономиканың өндірістік секторларын дамыту перспективалары бойынша Қазақстанның 10 мыңнан астам кәсіпкерлеріне жүргізілген сауалнаманың аралық қорытындысын ұсынды.

Үкімет басшысы «Атамекен» ҰКП жүргізген сауалнаманың түпкілікті қорытындысын егжей-тегжейлі зерделеуді және бизнесті одан әрі қолдау бойынша қосымша шаралар дайындауды тапсырды. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ квазимемлекеттік ұйымдарға реттелетін сатып алулардағы жергілікті қамтуды бақылауды қамтамасыз ету, отандық өндірушілердің мемлекеттік сатып алуға қолжетімділігін одан әрі қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.


Жоғары қарай