Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Асқар Мамин ЕАЭО-дағы мемлекеттік сатып алуды толықтай электронды форматқа көшіруді ұсынды

2020 жылдың 31 қаңтар 2020 18:18

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына қатысып, олардың барысында ЕАЭО кеңістігіндегі экономикалық интеграцияның өзекті мәселелерін шешу бойынша бірқатар бастама көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Премьер ЕАЭО бойынша серіктестерге 68 тармақтан тұратын кедергілерді еңсеру тізбесі жөніндегі мәселені шешуді ұсынды.

«Бүгінде келісілген кедергілер тізілімі жүргізіліп жатыр. Онда 68 кедергі көрсетілген. Біз 3 жыл бұрын бұл тізілімді 60 кедергіден бастаған болатынбыз. Бұл көрсеткішті азайтудың орнына, біз өкінішке қарай, жаңа кедергілер туындатып немесе оларды жоюды көпке созып, жылдан-жылға олардың санын көбейтіп келеміз», – деді Асқар Мамин.

Қазақстан Үкіметінің басшысы 2021 жылдың соңына дейін ЕАЭО елдерінде жүргізілетін мемлекеттік сатып алуларды толық электронды форматқа көшіруді ұсынды.

«Электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара мойындау арқылы электронды форматта жүргізілетін мемлекеттік сатып алуларға қатысуды қамтамасыз ету – мемлекеттік сатып алулар нарығын дамытудың мақсаттарының бірі», – деді ол.

Сондай-ақ, ол лицензиясы жоқ өнімдерді қолдану мәселесіне де тоқталды.

«Бүгінде лицензияланбаған өнімдерді шығару - бүкіл одақта өткір мәселе болып отыр. Бағдарламалық жасақтама өндірушілер қауымдастығының бағалауынша, көрсеткіш 75% құрайды. Қазақстандағы заңсыз бағдарламалар нарығы - шамамен 90 миллион доллар»,– дейді Асқар Мамин.

ҚР Үкімет басшысы ЕАЭО аясында цифрлық экономика мен қазіргі жоғары технологиялы салаларды дамыту, сондай-ақ пираттық өнімдермен күресудің бірлескен тәсілдерін әзірлеу бойынша бірлескен жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.


Жоғары қарай