Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Асқар Мамин барлық өңір кәсіпкерлерімен онлайн-кеңес өткізді

2020 жылдың 11 маусым 2020 19:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин Қазақстанның барлық өңірінің кәсіпкерлерімен іскерлік белсенділікті қалпына келтіру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

«2020 жылғы 10-11 маусым күндері ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстанның барлық өңірлеріндегі бизнес өкілдерімен селекторлық кеңестер өткізді. Онда іскерлік белсенділікті қалпына келтіру мәселелері қаралды.

Кәсіпкерлер Үкімет басшысына ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнеркәсібі, туризм, қоғамдық тамақтану, сауда, құрылыс, білім беру, өңдеу өнеркәсібі салаларындағы бизнестің өзекті мәселелері туралы айтып берді», - делінген ақпаратта.

Бизнес-қауымдастық субсидиялар алу, жеңілдікті несие беру және ағымдағы қарыздарды қайта құрылымдау, несиелер бойынша төлемдерді кейінге шегеру, ауыл шаруашылығы техникасының лизингі, тариф белгілеу, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың сатып алуларына отандық тауар өндірушілердің қатысуын одан әрі арттыру, мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша міндеттемелерді орындау мерзімдерін қайта қарау мәселелеріне қатысты ұсыныстарын білдірген.

Кеңестердің модераторы «Атамекен» ҰКП болды. Барлық өңірлерден 229 бизнесмен қатысты, 40-тан астам адам баяндама жасады. Мәселелерді талқылауға «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және салалық бизнес-қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

Үкімет басшысы бейінді министрліктер мен өңірлердің әкімдіктеріне бизнестің өзекті мәселелерін қарауды және оларды шешу бойынша шаралар қабылдауды, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытудың жүйелі мәселелерін Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына шығаруды тапсырды.

«Үкіметтің міндеті – іскерлік белсенділікті қалпына келтіру үшін барлық қажетті жағдайларды жасау. Біз бизнестің дағдарысқа дейінгі деңгейіне тезірек қайта келуі үшін барлық күш-жігерді жұмсауымыз керек», — деді А. Мамин.

Жоғары қарай