Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Асқар Мамин: 2019 жыл ЕАЭО үшін жемісті болды

2020 жылдың 31 қаңтар 2020 17:32

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында ЕАЭО экономикалық бірлестік екенін еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жыл ЕАЭО үшін маңызды әрі өте жемісті болды. Біріншіден, біз интеграциялық бірлестіктің бес жылдық мерейтойын атап өттік, алдағы бес жылдық кезеңге интеграциялық процестерді дамытудың жаңа көкжиектерінің негізін қаладық», - деді Асқар Мамин кеңейтілген үкімет басшыларының қатысуымен өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында.

Сонымен қатар, Асқар Мамин бірқатар маңызды құжаттар қабылданғанын атап өтті. Оның ішінде теңіз тасымалы бойынша келісім жасалды, бұл одақ елдері арасында тауар тасымалын жеңілдете түседі. Сондай-ақ, ЕАЭО-ның жалпы қаржылық нарығының тұжырымдамасы бекітілді. 2019 жылдың желтоқсан айында ЕАЭО елдерінде еңбек етіп жатқандарды зейнетке шығу мәселесімен қамтамасыз ету келісімшарты жасалды.

«Құрметті әріптестер, өткен жылы Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағытының жобасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілді. ЕАЭО туралы келісім мен мемлекет басшыларының 2018 жылғы 6 желтоқсанда қабылдаған интеграциялық процестерді одан әрі дамыту туралы декларацияның шеңберінен шықпауымыз керек. ЕАЭО экономикалық бірлестік екенін есте ұстаған жөн. Мен тек бірлескен нәтижелі жұмыс қана сыртқы жағымсыз сынақтарға қарсы тұруға мүмкіндік береді деп санаймын. Қазақстан белсенді жұмыс істеуге, дамудың жаңа көздерін анықтауға, қатынастарды нығайтуға және біз үшін ортақ міндеттерді бірлесіп шешуге мүдделі», - деді Асқар Мамин.

Айта кетерлігі, Алматыда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері үкімет басшыларының қатысуымен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтіп жатыр.


Жоғары қарай