Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Асхат Аймағамбетов балабақшалардың жабылып жатқанына алаңдаушылық танытты

2020 жылдың 31 қаңтар 2020 17:19

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде жекеменшік балабақшалардың сатылып, басқа нысанға айналдырылуы алаңдатарлық жайт. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында, сонымен қатар Атырау және Алматы облыстарында 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту орташа республикалық көрсеткіштен төмен. Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеу мен оқытуға жағдай жасаған мектепке дейінгі ұйымдардың үлесі өте аз. Мысалы, Түркістан облысы мемлекеттік бағдарламада жоспар бойынша 70 пайыз десе, бірақ қол жетізгені 11,7 пайыз, Қызылорда облысы 30 пайыз десе, 18 пайызға ғана қол жеткізді. Атырау облысы 35 десе 31 пайыз ғана. Бұл әрине өте қиын жағдай. Біз осы ерекше білім қажет ететін балаларға бүгін жағдай жасап жатқан жоқпыз. 11 өңірде электронды үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызмет көрсетумен қамтылған мектепке дейінгі ұйымдар үлесінің көрсеткіші проблема күйінде қалып отыр. Республика деңгейінде көрсеткішіміз 65 пайыз болса, ең төменгі көрсеткіш Қызылордада 45 және Атырауда 47 пайыз», - деді министр.

Оның атап өтуінше, балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты толық көлемде орналастырмау проблемасы сақталып отыр. Бұл жағдай Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Павлодар облысынан басқа өңірлерде орын алуда.

«Біз тиісті әдістеме бекіткеннен кейін сол әдістемені орындау керек. Бізде қазір теріс тенденция қалыптасып отыр. Кезінде қаншама жаңа балабақша ашылды. Енді қаржының жетіспеушілігіне байланысты бұл жекеменшік балабақшаларды сатып, оны басқа нысанға айналдыру байқалады. Оған жол бермеуіміз керек. Барлық өңірлер тиісті жұмысты ұйымдастыру қажет. Біз жаңа мемлекеттік бағдарламада осы үшін 448 млрд теңге қосымша қаржы қарастырдық. Орталық бюджеттен де сіздерге тиісті көмек көрсетіледі», - деді Асхат Аймағамбетов.


Жоғары қарай