Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Арыстағы бірқатар әлеуметтік нысан «Самұрық-Қазына» есебінен қалпына келтірілуде

2019 жылдың 31 шілде 2019 19:49

АРЫС. Қазақпарат – Арыс қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың қайта жөндеу жұмыстары ұлттық қордан қаржыландырылуда. Осындай ауқымды істің қалай жүріп жатқанын көру үшін қалаға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов арнайы келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда ұлттық қордан бөлінген ақша тиімді жұмсалып, мектеп, балабақша, аурухана және теміржол вокзалы жаңалану үстінде. Ахметжан Есімов Арыста алдымен «Көктем-2» шағынауданында орналасқан Иван Журба атындағы жалпы орта мектебіне барып, жөндеу жұмыстарын аралап көрді. Басқарма төрағасының орынбасары Арман Жетпісбай білім ұясында жасалып жатқан жұмыстармен таныстырып өтіп, 300 орынға шақталған мектепті жөндеуді мердігер мекеме «Мадина Petroleum» ЖШС-ге сеніп тапсырылғанын жеткізді. Ал «Алтын Тұмар» балабақшасының құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзімі 15 тамызға белгіленген. «Samruk-KazynaConstruction» АҚ тапсырыс беруші саналатын нысан 280 балаға шақталып соғылған. Ахметжан Есімов жауапты басшыларды сөзге тартып, мәселенің бар жоқтығын сұрап шықты. Жалпы берілген тапсырма тиянақты атқарылып жатқанына көз жеткізді. Ол сондай-ақ орталық аудандық аурухананың құрылыс жұмыстарын да көріп шығып, сапасы мен біту мерзіміне көңіл аудару керектігін пысықтады. Елордадан келген жұмысшы топ, «Арыс-1» теміржол вокзалына да барды. Мердігер мекеме қайта жөндеу және қалпына келтіру ісінде кемшіліктің болмайтынын айтып, сонымен қатар күндіз-түні тірліктің жасалып жатқанын жеткізді.




















Жоғары қарай