Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Сенат Төрағасы жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды

2021 жылдың 9 желтоқсан 2021 19:09

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына келді. Сапар барысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға және мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсіміне қатысты.

Маңғыстаулықтарды мерекемен құттықтаған Мәулен Әшімбаев Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Тәуелсіздіктің 30 жылында қол жеткізген маңызды жетістіктерге тоқталып өтті. Сондай-ақ ол осы жылдар ішінде Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде толық қалыптасып, халықаралық қауымдастықтың белді және ықпалды мүшесіне айналғанын тілге тиек етті.

«Елбасының бастамасымен біз Семей ядролық сынақ полигонын жауып, Кеңес Одағынан мұра болып қалған ядролық арсеналдан азат болдық. Бұл біздің жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілік ұстанымдарына берік екенімізді көрсетіп, әлем елдерінің Қазақстанға деген сенімін күшейте түсті. Қазақстан халықаралық бастамаларды да іске асыруға белсенді қатысып, беделді ұйымдарға төрағалық етті», – деді Мәулен Әшімбаев.




Сенат Төрағасы жаңа елордамыз Нұр-Сұлтан қаласын салып, рухани астанамыз Түркістан шаһарын қайта түлетуіміз Тәуелсіздіктің арқасы екеніне назар аударды. Ол 30 жылдың ішінде еліміздің барлық өңірі, оның ішінде Маңғыстау облысы да қарқынды дамығанын айтты.

«Маңғыстау облысы еліміздің дамуында ерекше орын аады. Мұнда 30 жылда бірқатар ірі және орта кәсіпорындар бой көтерді. Соның арқасында мыңдаған жұмыс орны ашылды. Мемлекет теміржол желілері мен авто жолдар салып, теңіз портын дамытты. Соңғы жылдары Маңғыстауда туризм саласы да қарқынды дамып келеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде жүргізіліп келе жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларға тоқталып өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді жаңғырту бағдары аясында өңірлерді дамыту және аймақтардағы мәселелерді шешу негізгі басымдықтардың бірі екенін жеткізді.

«Маңғыстау өңірі үшін өзекті мәселелердің бірі сапалы ауызсумен қамтамасыз ету екені белгілі. Президентіміз 2025 жылға дейін қалалар мен ауылдарда ауыз су мәселесін шешуді тапсырды. Соған байланысты бекітілген арнайы Ұлттық жоба аясында бұл бағытта Маңғыстау облысында да айтарлықтай жұмыс атқарылады», – деді Сенат Төрағасы.

Өз сөзінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Тәуелсіздік алғалы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды.

«Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаетың қажыр-қайратының арқасында еліміз өсіп-өркендеді. Ол тәуелсіз Қазақстанның берік іргетасын қалап, еліміздің белсенді даму бағдарын айқындап берді. Қазіргі таңда Президентіміз Елбасының сындарлы саясатының сабақтастығын сақтай отырып, көздеген мақсаттарға жету жолдарын белгіледі. Біз қашанда өткенге – құрметпен, келешекке нық сеніммен қараған халықпыз», – деді Нұрлан Ноғаев.

Салтанатты іс-шара барысында Сенат Спикері Мемлекет басшысының атынан еліміздің және өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан маңғыстаулықтарға мемлекеттік наградаларды тапсырды.

«Өңірлерді дамыту мәселесі, оның ішінде Маңғыстауды өркендету Президентіміздің тікелей бақылауында. Биыл қыркүйекте Мемлекет басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде арнайы кеңес өткізді. Осындай нақты шаралардың арқасында Маңғыстау өңірі алдағы уақытта дамудың жаңа деңгейіне көтеріледі деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы жұмыс сапары аясында Ақтау қаласындағы онкологиялық диспансерге арнайы барып, дәрігерлермен және медицина қызметкерлерімен кездесті. Одан бөлек, «Халық Арена» спорт кешеніне барды.











Жоғары қарай