Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Сенатор «Серпін-2050» бағдарламасының орындалу барысына алаңдаушылық білдірді

2021 жылдың 2 желтоқсан 2021 12:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенатор Нұржан Нұрсипатов «Мәңгілік ел жастары - индустрияға!» - «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысына алаңдаулы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалында аталған мәселе бойынша жағдайды жақсартуға ықпал ететін бірқатар қадамдарды ұсынды.

Сенатордың пікірінше, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында 2014-2019 жылдары еліміздің солтүстігінде орналасқан колледждер мен жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдірушілердің саны артқан. Алайда, өткен жылы жағдай түбегейлі өзгерген.

«Білім және ғылым министрлігі 2014 жылғы «Оңтүстік өңірлерден келген жастар арасынан мемлекеттік тапсырысқа сәйкес техникалық және кәсіптік білім беру бойынша бір маманды даярлауға арналған шығындарды есептеу Тәртібін бекіту туралы» бұйрығының күші жойылуына байланысты әлеуметтік сипаттағы өткір проблема туындап отыр. Бұрын оңтүстік өңірлерден келген студенттер жылы киім сатып алу үшін көтерме қаражатпен, оқу орнына бару және кері қайту жолақысы үшін толық көлемде өтемақымен, ыстық тамақпен қамтамасыз етілсе, енді аталған бұйрықтың күші жойылуына байланысты оңтүстік өңірлерден келген студенттер жалпы негізде қаржыландырылады. Осылайша, жеңілдіктің алынып тасталуы оңтүстік өңірден келген түлектердің солтүстік өңірлердегі колледждер мен жоғары оқу орындарында оқуға деген ынтасы жоғалту себептерінің бірі болды. Сондықтан 2020-2021 жылдары жаңа талапкерлерді қабылдау жүзеге асырылмады»,- деді депутат.

Осыған байланысты сенатор Нұржан Нұрсипатов стратегиялық маңызы бар бағдарламаға ерекше назар аударуды сұрады және жағдайды жақсарту үшін бірқатар шараларды ұсынды. Олардың ішінде, тиісті бұйрықтың нормаларын қалпына келтіру, диплом алған мамандарды мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету секілді мәселелер бар.


Жоғары қарай