Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ұлттық банктің қызметкері ретінде телефон шалатын алаяқтар көбейген

2021 жылдың 30 қараша 2021 20:43

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық банк ақша жымқыру мақсатында азаматтардың жеке деректеріне ие болу үшін Ұлттық банктің қызметкері ретінде телефон шалатын алаяқтардың көбейе бастағанын ескертеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алаяқтар телефон арқылы байланысқан кезде банк шотының нөмірлері мен несиенің бар-жоғы туралы ақпаратты сұрайды. Сонымен бірге, «техникалық мониторинг» мақсатында деген желеумен азаматтардан төлқұжат деректерін, атап айтқанда, ЖСН мәліметін білгісі келеді. Алаяқтар, сонымен қатар тексеру үшін деп шот ашуды немесе тест режімінде несие алуға өтініш беруді және үшінші тараптың шотына ақша аударуға үндейді», делінген ескертуде.

«Ұлттық банк «ақша жіберіңіз» деген электронды хат пен белгісіз нөмірден түскен қоңырауға жауап бермеуге кеңес береді.

«Белгісіз банк шотының реквизиті көрсетілген «аяқ асты ақшаға тап боласыз» деген хабарлама немесе телефон қоңырауы көбінесе алаяқтардың әрекеті болып шығады», делінген хабарламада.

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, қаржы саласын реттеуші жеке тұлғаның шотына қызмет көрсетпейді, ақшалай есеп айырысу мен мәміле жасамайды. Онда шоттар тек қана Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктердің, шектеулі заңды тұлғалардың операцияларын есепке алу үшін ғана ашылады.

Ұлттық банктен «ақша аударыңыз» деген сипатта күмәнді хат келсе немесе қоңырау түссе, құқық қорғау органдарына арыздану қажет.


Жоғары қарай