Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Алматы метрополитені 8 пойызбен толықты

2021 жылдың 30 қараша 2021 19:03

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы метрополитенінің 10 жылдығы қарсаңында 8 жаңа электр пойызы пайдалануға берілді. Енді метрополитенде 15 пойыз тұрғындарға қызмет көрсетеді. Бұл туралы аталған мекеменің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Тұңғыш Президент күні қарсаңында және Алматы метрополитенінің 10 жылдығына орай Алматы метрополитені үшін арнайы әзірленген Оңтүстік Кореяның Hyundai Rotem компаниясы шығарған 8 жаңа электр жылжымалы құрам пайдалануға беріледі.

«Құрамның ұзындығы - 77,8 м, ең жоғары техникалық жылдамдық – 90 км/сағ. Температура режимі: -35, +40с. 4 вагон құрамындағы жолаушылардың сыйымдылығы 940 адам. Әрбір вагон жылыту, желдету және ауа баптау жүйесімен, жолаушылар салонының флюресцент жарық шамдарымен жабдықталған», - делінген хабарламада.

Вагондарға ішкі және сыртқы бейнебақылау жүйесі орнатылған. Машинист кабинасынан вагондардың ішіндегі және сыртындағы жағдайды мониторда бақылай алады.

Барлық вагон жолаушыларға біреуінен екіншісіне қауіпсіз және ыңғайлы өтуді қамтамасыз ететін ашық типтегі (аралық есіксіз) кең вагонаралық өту жолдары арқылы біріктірілген.

«Электр пойыздары жолаушылар үшін де, қызмет көрсетуші персонал үшін де жоғары қауіпсіздік пен жайлы жағдайды, сондай-ақ энергия тұтынудың төмендетілген деңгейін қамтамасыз етеді. Вагондар 30 жыл қайта жабдықтаусыз, жөндеусіз қалыпты пайдалануға арналып жобаланған және құрастырылған», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, осыдан он жыл бұрын, 2011 жылдың 1 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы алғашқы және жалғыз метрополитенді ашып, алғашқы жолаушы болды.

Содан бері метро жұмысы бір минутқа да тоқтаған жоқ.


Жоғары қарай