Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Еліміздің аумағында 1 аптада 2,9 мыңнан астам қылмыс жасалды

2021 жылдың 29 қараша 2021 11:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің аумағында 1 апта ішінде 2,9 мыңнан астам қылмыс жасалды. Бұл жайында ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір апта ішінде 2 936 қылмыс жасалды. Оның 2 012-сі тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 8 кісі өлтіруді, 6 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 4 қарақшылық, 32 тонау және 427 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты», - деді ресми өкіл ІІМ баспасөз алаңында өткен брифингіде.

Сонымен қатар ол Ыстанбұлда Халықаралық қылмыстық полиция ұйымының Бас ассамблеясы – Интерполдың 89-шы сессиясы өткенін, оған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бастаған қазақстандық делегация да қатысқанын атап өтті.

«Ассамблеяға 160 елдің өкілдері, сондай-ақ Интерполдың ұлттық орталық бюросы, оның ішінде Қазақстан мен БҰҰ, ДСҰ сияқты бірнеше халықаралық ұйымдардың басшылары, Орталық Америка, Мексика және Кариб өңірі полиция басшыларының комиссиясы және тағы басқалары бас қосты. Интерпол жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұл ұйым жалпы қылмысқа қарсы күрес саласында қатысушы елдердің ұлттық құқық қорғау органдарының күш-жігерін біріктіру саласында кең мүмкіндіктер ашады», - деді Нұрділдә Ораз.


Жоғары қарай