Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Маңғыстау өңірінің туристік әлеуеті дамытылмақ

2021 жылдың 27 қараша 2021 22:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Маңғыстау өңірінде құны 300 млрд теңгеден асатын 13 туристік жоба іске асырылады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 12 тамыздағы Маңғыстау облысына сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес Каспий теңізінің жағалауы бойынша Ақтау қаласынан Құрық портына дейінгі курорттық аймақты дамыту үшін бірқатар инфрақұрылымдық жобалар, оның ішінде электрмен, сумен, газбен жабдықтау және автожолдарды салу және реконструкциялау бойынша бірқатар инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда», - деді Асқар Мамин жауабында.

Үкімет басшысының атап өтуінше, Қазақстан Республикасының туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Маңғыстау облысы республиканың перспективалы туристік аймақтарының ТОП-10 қатарына кірді.

«2020 жылы Маңғыстау облысының орналастыру орындары 160 мың адамды қабылдады. Туризм саласына 71,8 млрд теңге инвестиция тартылды (2019 жылмен салыстырғанда 3,1 есе өсті) және 4,3 млрд теңгеге орналастыру орындары қызмет көрсетті. Жалпы, өңірдегі туризм саласы бойынша 2021-2025 жылдар кезеңінде сомасы 300 млрд теңгеден асатын 13 жобаны іске асыру жоспарланған», - деді Премьер-Министр.


Жоғары қарай