Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

СҚО-да коронавирус науқастарына күнделікті 9 тонна оттегі жұмсалады

2021 жылдың 26 қараша 2021 14:58

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирусты жұқтырғандар саны соңғы екі аптада 5,3 % төмендегенімен. Жағдай әлі де тұрақталған жоқ, ауырғандардың жартысынан астамы оттегіге тәуелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО-дағы коронавирусқа қатысты жағдай бойынша брифинг өтті. Мамандардың айтуынша, өткен тәулікте облыста КВИ жұқтырудың 138 жағдайы тіркелді.

«Соңғы екі аптада облыста 1919 жағдай тіркеліп, 5,3 % сәл төмендеу байқалды. Алайда өңірдің кей аудандарында ауру өскен. Облыс бұрынғысынша «қызыл» аймақта», - дейді СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.

Қазіргі уақытта облыстың инфекциялық стационарларында 608 сырқат жатыр, олардың 60 % астамының жағдайлары ауыр.

«Жағдай әлі де алаңдатарлық, инфекциялық стационарлардағы 68 науқастың жағдайы аса ауыр. 49-ы жансақтау, 23-і қарқынды терапия бөлімдерінде жатыр. 543 науқас оттегіге тәуелді, онсыз демала алмайды. Ия, инфекциялық стационарларда орын кезең-кезеңмен босап жатыр. Қазір 608 адам жатса, қыркүйек-қазан айларында олардың саны 800-900-ге дейін жетті. Бүгінде 363 адам қайтыс болды. Күнделікті 3-5 адамнан көз жұмады. Бірер ай бұрын күнделікті 100 сырқаттан қабылдап отырсақ, қазір стационарларға жатқызылатындар саны 60-қа дейін төмендеді. Бірақ олардың барлығы да қатты ауырып түскендер, сондықтан қуануға әлі ерте», - дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Айманов.

Амбулаторлық ем алып жатқандар саны 3,5 мыңнан асады. Олардың 1770-інде ауру белгілері жоқ.

«Біз, медициналық қызметкерлер, коронавирус инфекциясынан шаршадық. Біздің арман-мақсатымыз – жұқпалы аурулар стационарларына сұраныстың төмендеуі. Осылайша, КВИ-ге қатысы жоқ басқа сырқаттарымызға медициналық көмек беру. Ал олар аз емес. Қазіргі уақытта 2 мыңнан астам медициналық қызметкер коронавируспен күреске жұмылдырылған.

Түсіп жатқан науқастардың жағдайлары ауыр, оларда оттегі жетіспеушілігі бар. Күнделікті 9 тоннаға дейін оттегі жұмсаймыз. Жағдайдың бұлай ушығуына екі себеп бар, біріншісі – карантиндік және қарапайым санитарлық талаптарды сақтамау. Екіншісі – вакцина алмау.

Бүгінге дейін вакцина алған 242 702 адамның 3 802-сінде ПТР-тест оң нәтиже көрсеткен. Бұл - 1,2 %. Бұл сырқаттанғандардың 51,8 % ғана ауруханаға жатқызылды. Солардың ішінде 89-ы ғана жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Өкінішке орай, вакцина алған 15 адам қайтыс болды. Олардың созылмалы ілеспе аурулары болған», - дейді Нұрлан Айманов.


Жоғары қарай