Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Алматыда бір терапевтік учаске жүктемесі 2 мың адамнан асады

2021 жылдың 24 қараша 2021 17:05

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бір терапевтік учаске жүктемесі 2 мың адамнан асады. Бұл туралы брифинг барысында қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні Алматы қаласы бойынша жалпы практика дәрігерінің бір учаскесіне жүктеме – 1 616 адам, жоспарлы жүктеме – 1 700 адам, бір терапевтік учаскеге – 2 164 ересек адам, жоспар бойынша – 2 200 адам, педиатриялық учаскеде жоспар бойынша 6 жасқа дейінгі 500 бала болуы тиіс, ал мұндағы балалар саны – 777»,- дейді денсаулық сақтау басқармасының өкілі.

Оның айтуынша, бүгінде педиатриялық учаскелерде 14 жасқа дейінгі балалар тіркелген. 6 жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсететін педиатриялық учаскелердің жүктемесі кезең-кезеңмен азайтылатын болады.

«Жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесін ескере отырып, биыл Алматыда МСАК ұйымдарында жалпы практика дәрігерлерінің 15 қосымша учаскесі ашылды. Қала бойынша барлығы 989 учаске ұйымдастырылған»,- дейді ол.

Сонымен қатар, Лаура Мырзағали Алматы тұрғындары бүгін «Даму» мобильдік қосымшасында электрондық қызметтердің кең спектрін пайдалана алатынын мәлім етті.

Мысалы, дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру, зертханалық зерттеулердің нәтижелерін, аурухана парақтарын қарау, дәрі-дәрмектерді табу және тағы басқалары.

«Нәтижесінде пациенттерге қызмет көрсету уақыты 20%-ға, кезекте тұру уақыты 30%-ға қысқарды. Пациентті дәрігерге жазу уақыты 2 есе және дәрігерді үйге шақыру уақыты 1,5 есе азайды», - деп атап өтті спикер.


Автор Алма Мұқанова
Басты сөздер: Алматы, Медицина, Қоғам,
Жоғары қарай