Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Елордада қар басып қалатын аумақтардың ахуалдық картасы әзірленді

2021 жылдың 24 қараша 2021 15:37

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада қар жиі басып қалатын учаскелердің ахуалдық картасы дайындалды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Рәтбек Демеуберген мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидрометтің» болжамына сәйкес, елорда аумағында қыстыкүнгі ауа райы күндіз -12-15 градустан, кейде -22-ге дейін төмендемек. Ал түнде -15-22 градустан, кей сәтте -32-ге дейін аяз күтілуде. Қардың қалыңдығы 25 см-ге дейін жетеді деп болжануда. Осы орайда елорда тұрғындары мен қонақтарынан күзгі-қысқы кезеңде қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырғым келеді», - деді Рәтбек Демеуберген елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қыста болуы мүмкін төтенше жағдайдың алдын алу шаралары қарастырылып отыр.

«Биылғы қысқа дайындық барысында елорданың төтенше жағдай комиссиясының 2 отырысы өтті. Онда қаланың азаматтық қорғаныс қызметінің қысқа дайындығы қаралып, пысықталды. Нәтижесінде уәкілетті органдар мен жауапты ұйымдарға тиісті тапсырма берілді. Бүгінгі таңда елордада жедел азаматтық қорғаныс тобы құрылды. Оның құрамында төтенше жағдай, полиция департаменті, Ұлттық ұлан, Қазавиақұтқару, Қазавтожол және тағы басқа құзырлы ұйымдардың өкілі бар», - дейді ол.

Сондай-ақ, ТЖД өкілі жеке құрамның 704 маманы мен 462 бірліктің азаматтық қорғанысқа дайын екенін жеткізді.

«Қажетті қорғаныс күші мен құралын бекіте отырып, қаланың қар жиі басып қалатын 16 учаскенің ахуалдық картасы әзірленді. Сонымен қатар қала сыртында 7 қар полигоны бар. Жалпы қала автожолдарының қар басатын учаскесінің ұзындығы 2,5 шақырымды құрайды. Одан бөлек, елорда аумағында 1250 дана қар ұстайтын қалқан орнатылды», - деді басқарма басшысы.


Автор Әли Ибраев
Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Ауа райы, Қоғам,
Жоғары қарай