Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Стати жеңілісін мойындады: ҚР Ұлттық қорының 530 млн доллар активіне салынған тыйым алынады

2021 жылдың 24 қараша 2021 14:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылғы 22 қарашада Анатол мен Габриель Стати ҚР Ұлттық қорының 530 миллион доллар сомасындағы активтеріне Бельгияда уақытша салынған тыйым күшін жоюды қажет ететіндігін мойындады. Бұл Қазақстан Республикасы мен Қазақстан Ұлттық банкіне қарсы Бельгиядағы процесте Статидің ешқандай перспективасы жоқ екендігінің белгісі. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Әділет министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Стати салған тыйымның алынуы Брюссель Апелляциялық сотының 2021 жылғы 16 қарашадағы шешімінің тікелей нәтижесі болып табылады. Бұл шешім Статидің ірі көлемдегі алаяқтық схемаға қатысы бар және ол тек төрелік сотты ғана емес, сонымен қатар төрелік шешімнің күшін жою жөніндегі процесс кезінде Швеция соттарын да жаңылыстырғанын анықтады», - делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетсек, Стати Бельгиядағы сот талқылауын 2017 жылдың соңында қозғады. Бұл 2018 жылғы мамырда Bank of New York Mellon сақтауындағы ҚР Ұлттық қорына тиесілі 530 миллион АҚШ долларына тыйым салынуына әкеп соқты.

Бельгиядағы іс жүргізу келесі үш процесті қамтиды: (1) төрелік шешімді тану және орындау бойынша іс жүргізу, (2) уақытша тыйым салу бойынша іс жүргізу және (3) активтерге уақытша тыйым салуды атқарушылық іс жүргізуге ауыстыру. Осы процестер Брюссельдің Апелляциялық сотымен Стати ұйымдастырған ірі көлемді алаяқтық нәтижесінде алынған төрелік шешімге негізделген.

Бүгінгі жаңалықтарды түсіндіріп өткен Әділет министрі Марат Бекетаев: «Бельгиядағы 530 миллион АҚШ долларына тыйым салудан Статидің өз еркімен бас тартуы – олардың ірі көлемдегі алаяқтық әрекеттерінің салдарының бірі ғана. Стати мен олардың сыбайластарының, оның ішінде Дэниел Чапман мен оның Аргентем Крик компанияларының алаяқтығынан заңның үстемдігін қорғау жолында Әділет министрлігі қол жетімді барлық құралдарды қолданатын болады. Бұл құқықтық қорғау құралдары Республикаға қарсы Статимен жалған және заңсыз қудалау науқанын жүргізіп жатқан Бельгияда және басқа да юрисдикцияларда бар», - деп атап өтті.

Сонымен қатар ҚР Әділет министрлігі қосымша хабарлап өткендей, уақытша тыйым салу процесі аясында Лондонның Жоғарғы сотында бөлек сот процесі болған.

«Оның нәтижесінде 2020 жылғы наурызда Республика мен Ұлттық банк пайдасына шешім қабылданды. Осы Лондондағы процесте Жоғарғы соттың 2021 жылғы ақпандағы Республика мен Ұлттық банктің 3,7 миллион доллар көлеміндегі сот шығындарын төлеуге міндеттейтін шешім Статидің жеңілісінің нәтижесі болды. Алайда, Стати шешімді осы уақытқа дейін орындамады», - делінген ведомство мәліметінде.

Еске салайық, бұған дейін Әділет министрлігі Қазақстан Республикасы Статимен дауда жеңіске жеткенін мәлімдеген болатын.
Жоғары қарай