Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Асқар Мамин жергілікті қамту жұмысына бизнесті кеңінен тартуды тапсырды

2021 жылдың 23 қараша 2021 10:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Асқар Мамин елімізде жергілікті қамту жұмысын күшейтіп, оның қызметіне бизнес өкілдерін кеңінен тартуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жергілікті қамтуды дамыту әкімдердің негізгі міндеттерінің бірі екенін тағы да атап өткім келеді, олардың жұмысы осы міндет бойынша бағаланады. Осыған байланысты мыналарға назар аударғым келеді. Біріншіден, әкімдіктер жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейтіп, оның қызметіне жергілікті бизнесті барынша тартуы керек. Екіншіден, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуы – бұл да отандық өндірушілерді дамыту мен қолдау үшін әлеуеті зор ірі алаң», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, Премьер-Министр жергілікті қамтуды дамытуға қатысты министрлер мен құзырлы ведомство басшыларына да бірқатар міндет жүктеді.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика министрліктеріне, «Самұрық-Қазына» қорына жер қойнауын пайдаланушылармен ерікті келісімдер жасасуды қамтамасыз етуді тапсырамын. Үшіншіден, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Энергетика министрлігімен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жер қойнауын пайдаланушылардың отандық тауар өндірушілермен оффтейк-шарттар жасасуының барлық қажетті мәселелерін пысықтауды тапсырамын», - дейді ол.

Аталған жұмыстың іске асуына Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр жауапты болады.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет басшысы жергілікті қамтудың өсу қарқыны 6,4 пайызды құрағанын мәлім етті.


Жоғары қарай