Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Шетелдік және отандық өндірушілер арасында салық дискриминациясы бар – Энергетика министрі

2021 жылдың 23 қараша 2021 10:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шетелдік және отандық өндірушілер арасында қалыптасқан салық дискриминациясы жергілікті тауар өндірушілердің ірі жобаларға қатысу мүмкіндігін шектеп отыр. ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында осындай мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отандық тауар өндірушілердің ірі жобаларға қатысу үлесінің төмендігі – шетелдік және отандық өндірушілер арасында қалыптасқан дискриминациялық жағдайларға байланысты болып отыр. Осылайша, ірі операторларға берілген кедендік преференциялар нәтижесінде олар шетелдік тауарларды қосылған құн салығын нақты төлемей сатып ала алады. Ал отандық өндірушілерден тауарларды сатып алу кезінде 12% мөлшерінде салық төленеді.

Бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру жолдарының бірі – Салық кодексіне өзгерістер енгізу. Бұл өзгерістер ірі жобалар үшін тауарларды жеткізу кезінде отандық өндірушілердің ішкі айналымын қосылған құн салығынан босатуды қамтиды», - деді ведомство басшысы.

Айтуынша, бұл шара шетелдік және отандық компаниялар арасындағы жағдайды теңестіруге мүмкіндік береді.

«Осыған орай, Ұлттық экономика министрлігіне, Қаржы министрлігіне және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына Энергетика министрлігімен бірлесіп осы ұсынысты пысықтауды тапсыруыңызды сұраймын», - деді Мағзұм Мырзағалиев.


Жоғары қарай