Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

23 қараша. ҚазАқпарат күнтізбесі

2021 жылдың 23 қараша 2021 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 23 қарашаға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық жазасыздыққа қарсы күрес күні

Халықаралық сөз бостандығын қорғау қауымдастығы 2011 жылы бекіткен. 2009 жылы осы күні Ампатуан (Магинданао, Филиппин провинциясы) қаласында 58 адам ұрланып, өлтірілді. Оның ішінде 32 журналист, БАҚ қызметкері болды.

Халықаралық акварель күні

Бұл мерекеге мексикалық суретші Альфредо Гуати Рохо (1918-2003) бастамашылық етті. Ол танымал суретші-акварелист бола отырып, 1991 жылы жыл сайын 29 қарашада Халықаралық акварель күнін өткізуді ұсынды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

2000 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданы Мағжан Жұмабаев атындағы аудан болып өзгерді.

2010 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінде ЕҚЫҰ саммитіне арналған үш көркем маркадан тұратын пошталық блок салтанатты түрде таныстырылды. Блокта Ақорда, Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Қазақстан туы аясындағы «Қазақ елі» бейнеленген. Авторы - Данияр Мұхамеджанов.

2010 жылы қазақстандық ғалымдар «Алматы апорты» алма ағашының сорты алғашқы микроклондарын алды. Олар Алатау етегінде теңіз деңгейінен 1000-1200 метр биіктікте өседі.

2010 жылы Қазақстанда мәдениет, спорт, білім беру және қоғамдық қызмет саласында мүмкіндігі шектеулі жандардың жетістіктеріне арналған «Самғау» жыл сайынғы қоғамдық сыйлығы бекітілді.

2012 жылы ҚР Ұлттық банкі 500 теңге номиналымен «Жылан жылы» монетасын айналысқа шығарды. Монета он екі қырлы нысанда жасалған. Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде аспан әлеміндегі жұлдыздар шоғырының мифтік символдары бейнеленген және монета дайындалған металды, оның сынамасы мен массасын «Au 999 7,78 g» білдіретін жазу бейнеленген.

2014 жылы Душанбе қаласында Тәжікстан Республикасы Мәдениет министрлігінде осы елдің тілінде жарық көрген Тәжікстан суретшілер академиясының академигі, әдебиет саласындағы философия бойынша құрметті доктор, белгілі жазушы, аудармашы Абдуғаффор Абдужабборовтың аты аңызға айналған театр және кино актері, КСРО мен Қазақстан халық әртісі, КСРО және Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлықтарының жүлдегері Асанәлі Әшімовтің өмірі мен творчествосына арналған «Қазақ жерінің перзенті» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

2016 жылы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Қазақстан жетістіктерінің декларациясы» қабылданды. Декларацияда Қазақстан ядролық қауіпсіздік рейтингінде ең қауіпсіз елдердің қатарына кіргендігі атап өтілген.

2016 жылы АҚШ-тың Флорида штатында Лодердейл-бич қаласында ардагерлер арасында дзюдодан өткен әлем чемпионатында қазақстандық дзюдошы Мұрат Кинтонов (-100 кг ) Әлем чемпионы атанды.

2018 жылы Қазақстанда қазіргі бессайысты дамытуға қосқан үлесі үшін бүкілодақтық және халықаралық додалардың көп дүркін жеңімпазы Тимур Досымбетовтың есімі Халықаралық қазіргі бессайыс одағының Даңқ залына жазылды. Айта кетейік, 70 жылдан бері Халықаралық қазіргі бессайыс одағының Даңқ залына жалпы 15 адамның аты жазылған.

2019 жылы Қазақстанның Литвадағы Елшілігі Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясымен бірлесіп, «ŽARA» баспасында басылған тоғызқұмалақ туралы литва тіліндегі алғашқы әдістемелік құралды ұсынды.

2019 жылы Алматы қаласындағы әскери бөлімге аты аңызға айналған «Қара майор» - полковник Борис Керімбаевтің есімі берілді. Осылайша түрлі замандағы әскери қызметшілер үшін әскери міндетті орындаудың, ерлік пен ар-намыстың мүлтіксіз үлгісі болып табылатын офицердің есімі мәңгі есте сақталмақ.

2020 жылы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы Еуропалық Одақ елдерінің аумағына авиациялық жүк тасымалдарын жеңілдетілген ұйымдастыру үшін қажетті шарт RA-3 (Regulated Agents Third country) сертификатын ресімдеу процесін аяқтады.

Бұл сертификаттың болуы авиакомпанияларға авиациялық қауіпсіздік бөлігінде қандай да бір шектеулерсіз астаналық әуе айлағынан Еуроодақ елдеріне жүк тасымалдауға мүмкіндік береді.

2020 жылы АХҚО-ның қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (АФСА) кеңес беру мен ынтымақтастық және ақпарат алмасу туралы Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының (IOSCO) Кеңейтілген көпжақты өзара түсіністік туралы меморандумына (EMMoU) қол қойды.

АФСА EMMoU-ға қол қойған Орталық және Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Кавказ өңіріндегі алғашқы реттеуші болды. АФСА әлемдік озық тәжірибені жетілдіру жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастыруға және неғұрлым кең халықаралық ынтымақтастыққа және бағалы қағаздарды реттеу органдарының қолдауына ықпал етуге ниеттенеді.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай