Қазақстандық шебер сүйектен бұйым жасаудан халықаралық сайыста жеңімпаз болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық шебер Бектас Кәрім Ресейде өткен сүйектен бұйым жасаудан халықаралық жарыста үздік атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлем халқының сүйек кесу өнері» атты халықаралық фестиваль Ресейдің Магадан қаласында өтті.
Сүйектен түрлі бұйымдар жасау байқауына АҚШ, Канада, Норвегия, Қытай, Швеция, Қазақстан, Финляндия, Беларусь, Украина, Ресей және тағы басқа елдерден шеберлер қатысқан.
Барлығы 40 шақты ұста өзара бақ сынады.
Сол сайыста отандасымыз, Ақмола облысы Шортанды ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жанындағы «Ойын-сауық орталығының» суретшісі Бектас Кәрім «Өнердегі руханият» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Сүйек шебері бұған дейін АҚШ, Өзбекстан, Моңғолияда өткен көрмелерге қатысып, аталған сала бойынша өткен шаралардан жүлделі орындарға ие болған.