Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Биыл Нұр-Сұлтанда 15 жаңа мектеп салынады

2021 жылдың 5 ақпан 2021 21:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл елордада жаңадан 15 мектеп салынады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемияға қарамастан елордада мектеп құрылысы тоқтаған жоқ. Себебі бізде үш ауысымды мектеп проблемасы бар, олардың саны - 8. Одан бөлек, оқушылар саны шектен тыс мектептер бар, олардың саны - 22. Бүгінде үш ауысымды мектеп мәселесі 2 есеге азайса, шектен тыс оқушысы бар мектеп 22-ден 14-ке дейін азайып отыр. Статистикаға келсек, 2019 жылы қалада 6 мың орындық мектеп салынды, 2020 жылы 10 мыңнан астам орындық мектеп салынды. Ал биыл 40 мың баланы қамтитын 15 жаңа мектепті тұрғызып, пайдалануға беру жоспарланып отыр», - деді А. Көлгінов Астана телеарнасына берген сұхбатында.

Сондай-ақ, қала басшысы елордалықтарды жиі мазалайтын қолжетімді баспана мәселесін сөз етті.

«Бүгінде елордада 48 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Оның ішінде әртүрлі деңгейдегі әлеуметтік топ өкілдері бар. Қолжетімді баспана мәселесі де жыл өткен сайын өз шешімін тауып келеді. Айтар болсақ, 2018 жылы 1100 баспана берілсе, 2019 жылы 2209 баспана берілді, өткен жылы 7 мыңнан астам пәтер иесі қоныс тойын тойлады. Биыл бұл үрдіс одан әрі жалғасып, 10 мыңнан астам пәтер кілтін табыс ету жоспарымызда бар», - дейді ол.


Автор Әли Ибраев
Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Білім, Құрылыс, Әкім,
Жоғары қарай