Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Солтүстік Қазақстанда құс тұмауынан 164 мың құс қырылды

2020 жылдың 25 қыркүйек 2020 17:37

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов өңірдегі құс тұмауына қатысты жағдайды айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжановтың айтуынша, 25 қыркүйектегі жағдай бойынша өңірде құс тұмауы 11 ауданның 39елдімекенінде тіркелді. Салдарынан 164 175 бас әртүрлі үй құсы қырылды. Соның 14 мыңнан астамы - жеке аулаларда, қалған 150 мыңға жуық құс - «Бескөл құс фабрикасында» өлген.

«Облыстың 8 ауданындағы 18 елдімекен карантинге жабылды. 13 елдімекен бойынша патологиялық материалға зертханалық зерттеу жүргізіліп жатыр. Бұл ауылдарда құс тұмауы расталған жағдайда олар да карантинге жабылады», - дейді Берік Әлжанов.

СҚО-да құс тұмауын жою және оның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында кешенді іс-шаралар жоспары әзірленді. Атқарылатын жұмыстарды үйлестіру жөніндегі жедел штаб құрылды.

«Инфекция ошағынан 20 км радиустағы жеке аулаларда үй құстарына вакцина егіліп жатыр. Осы күнге дейін 85 559 құсқа вакцина егілді. Бұл жұмыстарға 32 арнайы техника мен жеке құрам - 201 адамнан тұратын ветеринариялық мамандар жұмылдырылды», - деді Берік Әлжанов.

Маманның айтуынша, биыл жоспар бойынша 600 мың құсқа вакцина егілуі тиіс еді. Бұл жұмыстар кей аудандарда эпидемияға дейін жүргізілді.


Жоғары қарай