Ауа райы
Астана -25 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне төрағалықты қабылдады

2020 жылдың 24 қыркүйек 2020 16:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне (АӨСШК) мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бейнеконференция форматында кездесудің басты мақсаты АӨСШК-тегі төрағалықтың Тәжікстан Республикасынан Қазақстан Республикасына табысталуы болды.

М.Тілеуберді АӨСШК-ке 2020-2022 жылдарда төрағалық ету кезеңінде Қазақстанның көзқарасы мен басымдықтарын ұсынды. ҚР СІМ басшысы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында алғаш рет жариялаған АӨСШК-ті құру туралы идеясы Азиядағы сенімділік пен қауіпсіздікті нығайту саласындағы ынтымақтастықтың жаңа форматын қалыптастыруға ықпал еткенін атап өтті.

«Қазақстан төрағалығының басты басымдығының бірі Кеңесті одан әрі институттандыру болмақ. Бұл, өз кезегінде оған мүше-мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ Форумның халықаралық аренадағы мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді.

Бұған қоса, 2019 жылы маусымда Душанбеде өткен саммит барысында АӨСШК Даналар кеңесін, АӨСШК қорын құру мен АӨСШК-тің талдау орталықтарының форумын тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңы ретінде қайта қалыптастыру жөніндегі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын ілгерілету жоспарлануда», - делінген СІМ ақпаратында.

Министр қазақстандық төрағалық барысында АӨСШК-тің Сенім шаралары каталогын іс жүзінде жүзеге асыру бойынша, сондай-ақ басқа да аймақтық ұйымдармен және форумдар мен сыртқы байланыстарды кеңейту бойынша жұмыстардың нығайтылатынын атап өтті.

Сондай-ақ шара барысында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары ҚР-дың Аустриядағы Елшісі Қайрат Сарыбайдың кандидатурасын АӨСШК Хатшылығының Атқарушы директоры лауазымына бірауыздан мақұлдады.

Сонымен бірге, қатысушы елдердің басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер бойынша, оның ішінде АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің коронавирус пандемиясы жағдайындағы ынтымақтастық пен келешегі бойынша сындарлы пікір алмасулар жүргізді.

Жиынға қатысушылар Кеңес шеңберіндегі ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығын және Қазақстанның Форумдағы төрағалығы барысында Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен өркендеу бойынша ынтымақтастықты жандандыруға дайын екендіктерін атап өтті.

Айта кетейік, АӨСШК-тің басты мақсаттары Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиімді және қолайлы құрылымды құруға бағытталған.

Қазіргі таңда АӨСШК-ке 27 мемлекет мүше, 8 мемлекет пен 5 халықаралық ұйым Кеңестің жұмысында бақылаушы ретінде қатысады. АӨСШК хатшылығы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.


Жоғары қарай