Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Біз қай уақытта да біргеміз – оралдық волонтер

2020 жылдың 23 қыркүйек 2020 23:53

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қала күніне орай Оралда «Үздік волонтер – 2020» шарасы өтіп, үздіктер марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл бойы қоғамдық шараларға белсене қатысып, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде халыққа қолдау көрсетіп, өз үлесін қосқан жастарға құрмет көрсетілді.

Қала әкімі Абат Шыныбековтің атап өткеніндей, еріктілер өз өмірі мен денсаулықтарына төнген қауіпке қарамастан, бірнеше ай бойы мұқтаж жандарға қолұшын созды.

Ауқымды жұмыстарды волонтерлердің көмегінсіз атқару мүмкін емес еді.

Шарада айтылғанындай, шаһарда 104 волонтерлік ұйым қатарында 2 мыңға жуық ерікті бар.

Төтенше жағдай кезінде волонтерлік штаб құрылып, 109 байланыс нөмірі және әлеуметтік желілер арқылы тұрғындардан түрлі бағытта өтінім жиналып, көмек беріліп келеді. Атап айтқанда, волонтерлердің қатысуымен 5 мыңнан астам отбасына азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа жәрдем көрсетілді. Сонымен қатар волонтерлердің көмегімен жиналған қаражат есебінен 583 отбасына азық-түлік, 278 отбасына дәрі-дәрмек жеткізілді. Төтенше жағдай кезінде және карантин уақытында 168 отбасына 42500 теңге әлеуметтік жәрдемақыға өтінім беру, 667 отбасына ауыз су апару бойынша көмек берілді.




Қала бойынша тек волонтерлердің күшімен 130 мың маска (15 мыңы қолдан тігілсе, 115 мыңы демеушілер арқылы) тегін таратылды.

Құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 100-ге жуық рейд жасалды. Оралда волонтерлердің бақылауымен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзудың 68 дерегі анықталып, тиісті органдарға жолданды.





«Қазақ халқында «Көп түкірсе, көл» деген сөз бар. Менің волонтерлікке келуімнің себебі елдегі төтенше жағдай кезінде қала тұрғындарына аз да болса септігімді тигізбек ниет еді. Осындай кезде «Мемлекет маған не береді емес, мен мемлекетке, елге не бере аламын» деген азаматтар жиналып, Орал қаласындағы «20 округ» деген волонтерлік қозғалыстың құрылуына ұйытқы болдық. Отбасыларына азық-түлік себеттерін жеткізіп, тегін дәрі-дәрмек, медициналық маска тараттық. Қазіргі таңда командамызбен бірге мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы отбасылардың үйлерін таза ауыз сумен қамту ісімен айналысып жатырмыз. Бұл марапат – жалғыз менің емес, барша команданың жеңісі мен еңбегінің жемісі деп білеміз. Алдағы уақытта да барлық тұрғындарға босаңсуға болмайтынын, санитарлық талаптарды барынша сақтау керектігін еске салғым келеді. Біз міндетті түрде бұл індетті жеңеміз, өйткені біргеміз», деді шараға қатысқан волонтер, жеке кәсіпкер Әсет Сұлтанұлы.





Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да карантин талаптарын бұзған 33 адамға 1,3 млн теңге айыппұл салынғанын, сондай-ақ құс тұмауының алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанын жазған болатынбыз.



Жоғары қарай