Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Премьер-Министр тұтынушы мүддесін қорғаудың біртұтас жүйесін жасауды тапсырды

2020 жылдың 22 қыркүйек 2020 10:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Тұтынушылардың мүддесін қорғау бойынша бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұтынушылардың құқығын қорғау – біздің жұмысымыздың маңызды бағыты, ол барлық қазақстандықтардың мүддесін қозғайды. Биылғы 8 айдың өзінде уәкілетті органға қызметтер мен тауарлардың сапасы бойынша 8 мыңнан астам шағым түсті, олар бойынша тұтынушылардың 80 пайызының мәселесі шешілді. Тұтынушыларды қорғау бойынша біздегі жүйе Германия, Сингапур, Жапония сияқты елдердің озық тәжірибесін ескеруі керек, оларда Тұтынушы – Қоғамдық бірлестік – Мемлекет байланысы нақты ұйымдастырылған. Олардың тәжірибесіне сәйкес азаматтардың мүддесін қорғау үшін азық-түлік, медициналық қызметтер, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер, фармацевтикалық тауарлар және туризм сияқты маңызды салаларға ерекше мән беру қажет. Сапасына кепілдік беруге болатын өнім өндіруге, бақылау мақсатындағы сатып алу механизімін пайдалануға, адал жарнама мен маркетингке бағытталған саясат жүргізу қажет», - деді Премьер-Министр Үкімет отырысындағы қорытынды сөзінде.

Үкімет басшысы қазіргі уақытта тұтынушыларды қорғау саласында нақты жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді.

«Биыл маусым айында үкіметтік емес ұйымдар мен бизнестің қатысуымен тұтынушылардың мүддесін қорғау бойынша біртұтас жүйе жасауға ықпал ететін заңнамалық түзетулер қабылданды. Осыған орай, ең алдымен салада қоғамдық ұйымдар бірлестігін құру қажеттілігі туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл жұмысты жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Сауда министрлігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үкіметтік емес ұйымдар базасында тұтынушыларды қорғау бойынша омбудсмен институтын енгізу мәселесін пысықтасын», - деді А. Мамин.

Премьер берген екінші тапсырма – Ұлттық экономика, Сауда және Әділет министрліктері нормативтік актілер жобаларының реттеушілік әсерін тұтынушыларды қорғау тұрғысынан талдау жүргізу бойынша міндетті талап қарастыруы қажет. Бұл ретте актілерді әзірлеуге қоғамдық кеңестердің құрамында үкіметтік емес ұйымдардың қатысуын қамтамасыз ету керек.

«Үшінші – сауда министрлігіне Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың тиімділік көрсеткіштеріне (KPI) тұтынушылар тарапынан қанағаттану және сенім деңгейін бағалауды қосуды тапсырамын. Төртінші – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тұтынушылардың мүддесін ескеретін, ерікті іскерлік практика қағидаларының жинағы мен үлгілік шарттарды қабылдауы қажет. Сонымен қатар бизнесті тұтынушыларға ұсынатын қызметтер мен тауарларының сапасын жақсартуға ынталандыру шараларын пысықтау керек», - деді Асқар Мамин.

Бесінші тапсырма – Сауда және Ақпарат министрліктері және Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тұтынушыларды қорғау саласының өзекті мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуі тиіс.

«Жалпы Сауда министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Тұтынушылардың мүддесін қорғаудың біртұтас жүйесін жасау үшін тиісті іс-шаралар жоспарын әзірлеп, 1 қарашаға дейін енгізуді тапсырамын», - деді Премьер-Министр.


Жоғары қарай