Ауа райы
Астана -24 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан облысында мақта теру науқаны басталды

2020 жылдың 18 қыркүйек 2020 13:53

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында 125,8 мың гектар жерге егілген мақта дақылынан 331 мың тонна шитті мақта жинау жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыста мақта өсірумен 25 мыңнан астам шаруа айналысады және егістік жерлер мақта өсіруге бейімделіп, шаруалар озық тәжірибе қолдану нәтижесінде мол өнімге қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда Жетісай, Мақтаарал аудандары мен Кентау қаласында мақта теру науқаны басталды. Өнімділігі гектарына 25 центнерді құрап отыр.

Мақта теруді алғашқылардың бірі болып бастаған Мақтаарал ауданы Жамбыл ауылдық округіндегі «Арай» шаруа қожалығы. Аталған қожалық 5,5 гектар жерге «Мақтаарал 4017» мақта сортын еккен. Шаруа орташа есеппен гектарынан 27 центнерден өнім алуда. Бұл жұмыстарға ауыл тұрғындары тартылып, терілген мақтаның әрбір келісіне 30 теңгеден еңбекақы төленуде.





Бүгінде аудан бойынша мақта теру науқанына 15 бригада, 403 адам қатысуда. Қазіргі таңда негізінен қол терім жұмыстары жүргізіліп, 125 гектар мақта алқабынан 269,5 тонна «ақ алтын» қамбаға жиналды.





Мақта теру науқанына дайындау үшін комбайндарға жөндеу жұмыстары толықтай жүргізілген. Қосымша ауданға АҚШ-тан мақта теретін 23 дана «Джон-Дир» комбайны сатып алынған. Сондықтан, былтырғыға қарағанда биыл комбайннан қиындық тумайды. Осының арқасында мақтаны машиналық әдіспен теру 66%-ға жететін болады. Жалпы биылғы мақта теру науқанына 514 трактор, 1206 тіркеме және 151 комбайн қатысады деп жоспарланып отыр.





Былтыр ауданда мақта өндіретін 5 зауыт және мақта қабылдайтын 60-тан астам бекет шаруаларға қызмет көрсеткен еді. Биыл да бұл өндіріс орындары жиын-терім науқанына дайындалуда.





Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде мақта шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан қомақты қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 39,2 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, агроқұрылымдарға бір литрі 161-163 теңге көлемінде берілуде. Сонымен қатар, қолда бар 457 мақта теретін комбайнның 92%-ы науқанға дайын.








Жоғары қарай