Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Байбек: Праймеризге қатысушылар жүйелі шешімді талап ететін күрделі мәселелерді көтерді

2020 жылдың 18 қыркүйек 2020 11:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін «Nur Otan» партиясының праймериз шарасына қатысушылардың жұмыстарымен танысқан партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек олардың жүйелі шешімдерді талап ететін күрделі мәселелерді көтерге білгендігін айтты.

Праймериз шарасына қатысушыларға қатысты пікірін Бауыржан Байбек Facebook парақшасында жариялады.

«Әріптестеріммен бірге партияішілік праймериз қатысушыларының үгіт-насихат кездесуіне бардым. Елорданың Есіл ауданы бойынша 15 кандидат «Nur Otan» партиясының Орталық аппараты жанындағы бастауыш ұйымда өз сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды. Іс-шара жарыс сипатында болғанымен, өзара сыйластық аясында өтті. Қатысушылардың әрбірін қолдауға тырыстым, кеңесімді беріп, мәселені нақтылай түсетін сұрақтар қойдым»,-дейді партия төрағасының бірінші орынбасары.

Оның жазуынша, үміткерлердің өздерін ұстауын, жұрт алдында сөз сөйлеуін тамашалау өте қызықты болды. Олардың барлығында дерлік қызықты да креативті бейнероликтері, өзіндік «артықшылықтары» бар. Тіпті кейіберулерінің үгіт бағдарламаларымен QR-код арқылы танысуға болады.








Қатысушылар арасында қазір қызмет атқарып жүрген депутаттар да, саяси қадамын жаңа бастап жатқан жастар да бар. Сондай-ақ партия құрылған сәттен бастап мүше болып келе жатқандар да, таяуда ғана партия қатарына қосылғандар да кездесті.

«Әсіресе, бірнеше жыл бұрын АҚШ-қа қоныс аударып, кейіннен елге қайта оралған азаматтың балалар мен жасөспірімдер арасында есірткінің таралуына қарсы күресі бойынша келтірген деректері мен ұсынған іс-шаралары жұртшылық назарын аударды.

Өз бағдарламасында елорданы заманауи урбанистика қағидаттарына сәйкес дамыту мәселелерін өзек еткен ең жас кандидатқа «Болашақ» қауымдастығы қазақ тіліне аударған «Бақытты қала» деген жайлы қалалық орта құру туралы кітапты сыйлайын деп шештім.

Жалпы, қатысушылар қызықты да жүйелі шешімдерді талап ететін күрделі мәселелерді көтере білді. Олардың қатарында білім және денсаулық сақтау, халықтың әлеуметтік топтарын қолдау, бұқаралық балалар спортын дамыту және басқалары бар.

Партиямыздың Лидері Н.Ә. Назарбаев тапсырғандай, праймеризде айтылған барлық ұсыныстар мен ескертулер біздің әрбір өңір, қала және аудан бойынша әзірленген 216 сайлауалды бағдарламамызды пысықтау кезінде ескерілетін болады»,-деп жазды Бауыржан Байбек.





Әрине, кандидаттар әр қилы. Әрқайсысының дайындық деңгейі мен жеке бэкграундтары да әр түрлі. Олардың қайсысы жеңіс тұғырынан көрінетінін сайлаушы шешеді. «Мұнда бір жайтты анық айта аламын: осынау праймеризден бірінші болып өткендер теңдессіз саяси тәжірибе жинақтап, әр түрлі аудиторияларда сөз сөйлеу дағдысын меңгереді, өздерінің мықты және осал тұстарын аңғарып, тыңдаушыларды өз сөзіне иландырып, өз позициясын дәлелдеу қабілетін ұштайтын болады. Осы орайда кездесуге қатысушылардың бірі айтқан мына бір сөз ерекше есімде қалды. Ол «мен праймеризге депутаттық төсбелгі үшін емес, жұрттың нақты мәселелерін шешуде партияластарымды қолдау үшін қатысып отырмын», деді.

Алдағы 1 – 3 қазан аралығындағы партияішілік сайлауда дауыс беру үшін мобильдік қосымшаны жүктеп алып, «Праймериз 2020» ақпараттық жүйесіне тіркелдім. Бүгінде жүйеде 560 мыңнан астам партиялас тіркеуден өтті. Елбасы айтқандай, әділ де тартысты бәсекеде ең лайықтылар жеңіске жететіне сенімдімін»,-дейді партия өкілі.





Жоғары қарай