Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Әлеуметтік желіден алынған ақпараттар толыққанды білім негізін құрай алмайды - Нұртөре Жүсіп

2020 жылдың 17 қыркүйек 2020 13:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Кітап оқу мен оны дамытудың ұлттық бағдарламасы керек. Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Нұртөре Жүсіп мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір жұрт кітап оқудан қалып бара жатыр. Кітап оқымаған адам қалай білімді болады? Кітап оқымайтын қоғам қалай рухани кемелденбек? Кезінде данышпандар адамның рухани кемелденуіне кітап оқудың қандай пайдасы бар екенін айтып кеткен. Қазір тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде осы кітап оқу үрдісі дағдарысқа тап болды», - деп тоқталды сенатор Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында.

Осы орайда Н. Жүсіп ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыру, бәсекелестік қабілетін күшейту, әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыру ісінде кітап оқу өте маңызды екенін атап өтті.

«Интернет, Facebook, Instragram, телеарна, радио арқылы алынған ақпараттар толыққанды білім негізін құрай алмайды. Сол себептен де әлемнің көптеген елінде кітап оқу ісіне мемлекеттік әрі қоғамдық қолдау көрсетіліп жатыр. Осы бағытта ұлттық бағдарламалар қабылданып, отбасылық және балалар оқуына айрықша көңіл бөлініп отыр. Мұндай бағдарлама бізде неге жоқ? Осыған орай Қазақстанда әкімшілік құрылымдар мен кітапхана қызметіне, мәдени-ағарту мекемелері мен қоғамдық ұйымдарға бағытталған ұлттық бағдарлама қабылдау керек деп есептейміз», - деді Нұртөре Жүсіп.

Онда әлеуметтік маңызы бар кітаптарды сапалық тұрғыда жақсарту, кітап саудасының прогрессивті формаларын енгізу, кітап оқуға ынталандыру үшін грант конкурстық жүйе енгізу, білім беру құрылымдарының әлеуметтік әріптестігін дамыту, азаматтардың ғылыми-әлеуметтік, техникалық, шығармашылық қабілеттерін дамыту, кітапханалар қорын қағаз және электронды басылымдармен толықтыру, түрлі әдеби конкурстар мен байқаулар өткізу, сондай-ақ кітап басу мен кітап саудасы мамандарын даярлау, ұлттың зияткерлік және адами әлеуетін арттыру шараларын қарастыру ұсынылды.


Жоғары қарай