Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Жамбыл облысында дәрі-дәрмектің екі айлық қоры қалыптастырылуда

2020 жылдың 17 қыркүйек 2020 09:10

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «СК-Фармация» ЖШС қоймасына арнайы барып, коронавирустық инфекцияның болжалды екінші толқынына әзірлік жұмыстарымен танысты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі уақытта бірыңғай дистрибьютор дертке қарсы дәрі-дәрмектің бір айлық қорын жасақтаған. 15 қыркүйектен бастап ауруханаларда екі айлық қажеттілікті өтейтін препараттар қорын әзірлеу үшін қызу тасымалдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы құны 245 млн. теңгеге татитын жоғары сұранысқа ие дәрі-дәрмек түрлері жедел сатып алынуда. Айта кетейік, қыркүйек айында 285 млн. теңгенің препараттары әкелінді.




Облыс әкімі маусым-шілде айларындағы жағдайды тағы бір мәрте еске салды. Ол кездері ауруханалар мен провизорлық орталықтарда дәрі тапшылығы туындап, елге қауіп төніп еді. Одан сабақ алып, қайта қайталамау керектігіне мән берді.

«Өткен аптада өткен кездесу барысында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Соның ішінде коронавирустың болжалды екінші толқынына дайындық шараларына ерекше назар аударды. Бұл мәселе облыс басшылығының ерекше бақылауында. Дәрі-дәрмек тапшылығы болмауы керек! Тұрақты түрде дәрі - дәрмектердің қолда бар қорына, шұғыл қажеттілігі бар препараттар бойынша «қызыл аймақтарға», сондай-ақ жергілікті жерлерде дәрі-дәрмектерге болжамды қажеттіліктеріне талдау жүргізу қажет», - деп тапсырды аймақ басшысы.




«СК-Фармация» ЖШС бүгінде өңірдегі 78 медициналық ұйыммен 673 келісімшартты бекіткен. Оның жалпы құны 6,7 млрд теңгеге бағаланып отыр.

Бірыңғай дистрибьютор денсаулық сақтау нысандарының стационарларына жалпы құны 5,5 млрд теңге болатын дәрілік заттар мен медицналық жабдықтарды жеткізген екен. Облыстың инфекциялық және провизорлық орталықтарына коронавирустық инфекцияны емдеуге арналған 709,6 млн теңгенің 81 түрлі дәрілік заттары жеткізілді.




«СК-Фармация» ЖШС Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің төрағасы Айжан Тортаеваның мәліметінше, антибактериалды препараттардың 12 түрі (жоспардың 96,5 проценті), антикоагулянттар (113,5 процент), кортикстероидтар (104,6 процент), седативті препараттар, анальгетиктер, миорелаксанттар, иммунодепресанттар мен дәрумендерді (91,5 процент) тасымалдаған.

Тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемі мен міндетті әлеуметтік сақтандыру шеңберінде амбулаториялық деңгейде 25 медициналық ұйым атынан құны 7,1 миллиард теңгеге тегін дәрілік заттарды жеткізу бойынша алдын ала өтініш түскен. Сұраныстың 98 проценті қанағаттандырылды.

Қазіргі таңда медициналық ұйымдардың дәріханаларында 1,3 млрд. теңгенің тегін таратуға арналған дәрі-дәрмектері бар.


Жоғары қарай