Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Түркістан облысында емханаға тіркеу науқаны басталды

2020 жылдың 15 қыркүйек 2020 20:00

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында емханаға тіркеу науқаны басталып, тұрғындар қалаған емдеу мекемесін таңдап жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Лаура Сапарбекова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, тұрғындардың өз аумағында емхананы еркін таңдау науқаны 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында жүргізіледі.

«МСАК ұйымына тіркелген азаматтар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды. Бұл ретте медициналық ұйым - Қормен алдағы жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек қызметтерін көрсетуге шарт жасасуы тиіс. Науқан қорытындысы бойынша медициналық ұйымдар өзіне тіркелген азаматтарды саны негізінде қаржыландырылады. Әрбір тіркелген тұрғын үшін медициналық ұйымдарға ай сайын қаржы төленеді», – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Лаура Сапарбекова.




Сала мамандарының сөзінше, емханаға тіркелу бірнеше тәсілмен жүзеге асырылады. Электронды үкіметтің www.e.gov.kz веб-порталы арқылы жүгінген кезде тіркеу ЭЦҚ арқылы жүргізіледі. Денсаулық сақтау бөлімінде «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет.

Емхана науқас туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Тіркелім сәтті болған жағдайда азаматқа медициналық ұйымның ЭЦҚ қойылған электронды құжат түрінде тіркеу туралы хабарлама беріледі.

«Жалпы, Түркістан облысында порталда 1 962 881 адам тіркеліп тұр. Осы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтар бұрын бекітілген емханада қызмет көрсетуді жалғастырады. Қыркүйек айындағы жағдай бойынша облыста 4 688 адам медициналық ұйымдарға тіркелмеген күйінде қалып отыр. Медициналық көмексіз қалмас үшін олар тікелей тұрғылықты жері бойынша емханада немесе ЭЦҚ арқылы электрондық үкіметтің веб-порталында тіркелуі тиіс», - дейді облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Баян Ақбердиева.

Сондай-ақ, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқылы екені де айтылды. Жоспарлы емдеуге жатқызу мен бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет.

Сақтандыру мәртебесін электронды үкімет порталында, қор сайтында және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы білуге болады.












Жоғары қарай