Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада мемлекет қолдауымен ашылған кәсіпорындар қалай жұмыс істеп жатыр

2020 жылдың 14 қыркүйек 2020 18:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік қолдау аясында ашылған кәсіпорындардың жұмысы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде елімізде шағын бизнестен ірі бизнеске дейін барлық кәсіпкерлік саласы мемлекеттік қолдауға ие. Қазіргі уақытта біздің қор арқылы мемлекеттік қолдаудың 4 негізгі түрі бар. Атап айтқанда, кепілдік беру, субсидия, жеңілдетілген несие және қолдау көрсету яғни консультация қызметі. Бұл дегеніміз, біздің менеджерлер клиентке өз ісін ашу мен оны ілгерілетуде барлық қажетті қызмет түрін көрсетеді. Сондай-ақ, карантин жағдайын ескере отырып биыл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Ондағы басты жаңалық - кәсіпкерлер 6% мөлшерлемемен несие ала алады. Ал бұрын бұл көрсеткіш 14% болған», - дейді «Даму» қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аймақтық филиалының директоры Нұрсұлтан Абдолла.

Оның айтуынша, карантин кезінде елордалық кәсіпкерлерді жиі мазалаған сұрақ - төлемақы мерзімін ұзарту.

«Біз өз кәсібімізді 2013 жылы үйден бастадық. Уақыт өте келе мемлекеттік қолдауға ие болып, бүгінде цех аштық. Тұрмыстық химия заттары күнделікті тіршілікте қажет дүние болғандықтан тауар айналымы жыл санап өсіп келеді. Яғни елордадан бөлек, алыс-жақын аймақтардан да тапсырыс түседі. Сапасы жағынан біздің тауар басқа тұрмыстық химия заттарынан кем түспейді. Бізге тек жарнама жағы жетіспейді. Алдағы жоспарға келсек, әрине тауар айналымын ұлғайтқымыз келеді. Ол үшін өндірісті автоматтандыру қажет, себебі біз бүгінде кей жұмыстарды қолмен істейміз. Цехта 13 адам жұмыс істейді», - дейді тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын «Арко Групп» ЖШС басшысы Гүлнәр Валиева.

Астаналық кәсіпорын иелерінің айтуынша, жеке кәсіп ашуда мемлекеттік қолдаудың рөлі зор.

«Мемлекеттік қолдаудың аясында біздің компанияның ашылғанына бір жыл ғана болды. Біз тұрмыстық биопакет өндіреміз. Біздің өнім экологиялық таза және қайта өнделетіндігімен ерекшеленеді. Оның үстіне елордада экологиялық пакетке деген сұраныс әжептәуір. Одан бөлек, біздің тауар Алматы мен Павлодарға жөнелтіледі. Әрине, еліміздегі карантин шараларының жұмысымызға кері әсерін тигізгені рас, дегенмен кәсібімізді жалғастырып жатырмыз», - дейді «Eco Friend» ЖШС директоры Қуаныш Жапақов.

Айта кетсек, бүгін елордада «Даму» қоры мемлекеттік қолдаудың аясында ашылған кәсіпорындардың жұмысымен таныстыру мақсатында БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз турын ұйымдастырды.


Жоғары қарай