Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

7 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 7 тамыз 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 7 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық сыра күні

Жер шарының алты құрлығына ортақ мереке – сыра күні жыл сайын тамыздың алғашқы жұмасында тойланады. Алғаш рет АҚШ-тың Калифорния штатындағы Санта-Крус қаласында мерекеленіп, 2012 жылға дейін осы күн 5 тамызда атап өтіліп келді. Қазір оны әлемнің 50 еліндегі 207 қалада тойлайды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1740 жылы Жәнібек батыр бастаған қазақтың бір топ биі Орынбор комиссиясының бастығы, генерал-лейтенант князь В.А. Урусовпен кездесті. Жәнібек батыр мен Василий Урусов қазақ даласымен сауда байланыстарын дамыту және керуен жолдарының қауіпсіздігі мәселелерін талқылады.

1929 жылы Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлары кеңесінің «СССР араб жазуын қолданатын халықтардың жаңа латын әліпбиі туралы» қаулысымен латынға көшу ресми мәртебеге ие болды. Газеттер мен журналдар, баспалар, оқу орындары жаңа әліпбиге көше бастады.

1958 жылы Қазақстанда Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы Маңғыстау түбегін игеру туралы қаулы қабылданды. Перспективалық мұнай ауданы: Өзен, Жетібай, Қаламқас мұнай кен орындары. Түбектен мыс, марганец, фосфориттер, сутас, сирек кездесетін кендер де табылды. Дәл осы жерде әлемдегі алғашқы жылдам нейтронды өнеркәсіп реакторы іске қосылды. Пайдалы қазбалардың қоры олардың алуан түрлілігі, кен орындарының қуаттылығы, игерудің ыңғайлылығы бойынша бірегей және әлемдік геологияда іс жүзінде теңдесі жоқ.

1992 жылы Степногор қаласында валюталық алтынның екі құймасы республиканың мемлекеттік сақтауына берілді. Целина тау-химия комбинатында ең жоғарғы сынамалы – 9999 құймалар алынды. Бұл тауарлық және валюталық алтынның әлемдік стандарты.

1995 жылы Алматы Кино үйінде «Абай» фильмінің тұсаукесер рәсімі өтті. Оған Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Мұхтар Әуезовтің роман-эпопеясы бойынша түсірілген эпикалық драма қазақтың ұлы ақыны Абайдың 150 жылдығына арналған. Сценариін Ләйлә Ақынжанова, Александр Баранов және Серік Апрымов жазған.

2006 жылы Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданындағы Қырықоба кешенінің аумағынан біздің заманымызға дейінгі VI-V ғасырларға тән таңғажайып археологиялық бұйымдар табылды. Олар көптеген сұраққа жауап беріп, өлкенің тарихы туралы қомақты мәлімет береді.

2013 жылы Солтүстік Ирландияда өткен полицейлер мен өрт сөндірушілердің XV Бүкіләлемдік ойындарында қазақстандық команда екі медальге ие болды. Команда капитаны Серік Нұрғалиев бенчпресс пен пушпуллифтингте үздік нәтиже көрсетті.

2014 жылы қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы «ТМД рекордтар кітабына» енді. «Сарыарқа» Жоғары хоккей лигасы чемпионатында 23 рет қатарынан жеңіске жетті. «ТМД рекордтар кітабы» сараптама бөлімі «Бір кәсіпқой хоккей командасының ең ұзақ таза жеңістер сериясы» ретінде клубтың рекордын мойындады.

2014 жылы Жамбыл облысының бес тарихи нысаны ЮНЕСКО Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енді. Олар – Ақтөбе, Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақыртас қалашықтары.

2016 жылы Оңтүстік Кореяның Хвасун қаласында аралас жекпе-жектен ІІІ Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан ұлттық құрамасы 7 чемпиондық белдіктің 5-еуін және 2 күміс медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.

2017 жылы Astana Innovations Challenge ауқымды стартап-марафоны аясында ашық деректер негізінде қала мәселелерін шешу жобасына арналған бірінші хакатон өтті.

2017 жылы Торайғыр көлінің жағалауынан, «Мұртты қорған» археологиялық ескерткішінің жанынан біздің заманымызға дейінгі VIII-VI ғасырларға тән обалар табылды.

2018 жылы Бішкекте Г.Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық бейнелеу өнері музейінде алғаш рет қазақстандық суретші Құттыбек Жақыповтың «Ұлы дала мелодиясы» жеке көрмесі ашылды.

2018 жылы көптеген беделді халықаралық байқаулардың гран-при иегері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Бақтияр Адамжан алғаш рет ХХ ғасырдағы көрнекті хореограф Ролан Петидің қойылымындағы «Бозбала мен ажал» балетіндегі Бозбала басты рөлін сомдады.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай