Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қарағанды облысында Zhas Project гранттарының иегерлері анықталды

2020 жылдың 16 шілде 2020 16:12

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында Zhas Project үшінші кезеңі аяқталып, грант иегерлері анықталды. 3 мыңнан астам жас 646 жоба ұсынды. Байқау қорытындысы бойынша 155-і іріктеліп алынды, деп хабаралайды ҚазАқпарат тілшісі.

Гранттар саны бойынша бірінші орында - Қарағанды (34 жоба), екінші орында-Қарқаралы (14 жоба), үшінші орында - Жезқазған және Нұра (13 жоба). Қалған аудандар мен қалаларда 10 жоба мақұлданды.

«Бұл жоба Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда, себебі жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басты міндеттерінің бірі – NEET үлесінің деңгейін төмендету (бұл жастардың білім беру процесіне тартылмаған және жұмыспен қамтылмаған екенін белгілеу үшін қолданылатын халықаралық термин) және жастар арасындағы жұмыссыздықты қысқарту. Жобаны жүзеге асыру барысында жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері грант иегерлеріне кеңес беріп, қолдау көрсетеді», - дейді Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Нұржан Жетпісбаев.

Грант иегері Нұрлан Халмұрат әлеуметтік желілер арқылы жоба туралы біліп, кейін Қарағандының Жастар ресурстық орталығында кеңес алған.

«Мен байқауға кітаптарды жалға алу жобасын ұсындым. Менің хоббиім – кітап оқу. Кітаптарды электронды форматта оқуға ыңғайсыз, ал қағаз нұсқасында әрдайым сатып алуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан мен кітаптарды жалға беріп, жастарды оқуға тартуды шештім. Мұндай жобаға бірінші рет қатысып, грант алдым. Енді ойлаған жұмысымды іске асырамын. Егер барлығы ойдағыдай болса, кітап дүкенін ашамын», - деді Нұрлан Халмұрат.

Айта кетсек, ZhasProject Халықаралық қайта құру және даму банкімен толық қаржыландырылады. Аталмыш жоба Банк пен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы.

Оған 14-29 жас аралығындағы жастар (оқушылардан басқа) қатысады. Басымдық оқымайтын және жұмыс істемейтін, бірақ табысы төмен жастарға берілді.








Жоғары қарай