Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қазақстандағы апта ішіндегі кадрлық тағайындаулар

2020 жылдың 12 шілде 2020 14:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы апта Президенттің өзі араласып, тиісті нұсқау берген кадрлық ауыс-түйістермен есте қалатын болды. Кадрлық жаңашылдықтар апта басында «Қазақфильм» киностудиясынан басталып, көптің назарына ілінген МӘМС қоры мен «СК-Фармация» компанияларымен аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өтіп бара жатқан аптада Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президент болып Ақан Сатаев тағайындалды. Айта кетейік, бұл қызметті бұған дейін Арман Асенов атқарған болатын.

Ақан Қарғамбайұлы Сатаев 1971 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кино және телевидение факультетін тəмамдаған. 2003 жылы «Sataifilm» студиясының негізін қалап, 2007 жылы «Рэкетир» атты алғашқы толықметражды фильмін, «Адасқан» мистикалық триллерін (2009), «Ағайынды» сериалын (2009), «Ликвидатор» психологиялық драмасын (2011), «Жаужүрек Мың бала» тарихи фильмін (2012) түсірген. Сондай-ақ «Районы» криминалдық драмасы мен «Анаға апарар жол» тарихи драмасының (2016), «Бизнесмены» (2018), «Томирис» (2019) жəне тағы басқа туындылардың режиссері. 2014 жылы киноиндустрия саласының үздік өкілі ретінде «Халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығына ие болды. 2016 жылы жас режиссерлерді қолдауға бағытталған Astana Film Found қорының негізін қалаған.

Сонымен бірге осы аптада екі министрдің орынбасары орнын босатты. ҚР Үкіметінің қаулысымен Нариман Нұрланұлы Мұқышев ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі лауазымынан кетті.

Нариман Мұқышев 1984 жылы 9 мамырда Қарағанды облысында дүниеге келген. Сүлеймен Демирель атындағы университетті, Халықаралық бизнес академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 2006 жылы бастаған. Әр жылдары коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеген. 2014 жылғы қараша айынан бастап 2018 жылғы маусым айына дейін «Қазпошта» АҚ басқарушы директоры қызметін атқарды. 2018 жылғы маусым айында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып тағайындалған.

Сол секілді ҚР Үкіметінің қаулысымен Мәдина Серікқызы Жүнісбекова ҚР ұлттық экономика вице-министрі лауазымынан босатылды.

Мәдина Жүнісбекова Алматы қаласында дүниеге келген. М. В. Ломоносов атындағы ММУ, Париж I Пантеон – Сорбонна университетін, Пантеон-Ассас университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2010 жылы бастаған. Коммерциялық секторда, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының Хатшылығында және ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінде жұмыс істеді. Ұлттық экономика вице-министрі лауазымына 2018 жылғы сәуір айында келген.

Мәдина Жүнісбекованың орнына ҚР Үкіметінің қаулысымен Айгүл Амантайқызы Шайымова Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі лауазымына тағайындалды.

Айгүл Шайымова 1979 жылы Ақмола облысының Мариновка ауылында дүниеге келген. Л. Гумилев атындағы Еуразия университетін, Қаржы полициясы академиясын, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған. Әр жылдары ҚР Қаржы полициясы агенттігінде, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде, ҚР Бас прокуратурасында жұмыс істеді. 016 жылғы қыркүйек айынан бастап 2019 жылғы шілдеге дейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2019 жылғы шілдеден бастап Мәдина Серікқызы Жүнісбекованың оқу демалысы кезеңінде Қазақстан Республикасы ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарған.

Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Берік Шәріп пен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов қызметінен босатылды.

Олардың орнына бүгін ғана жаңа басшылар келді. Атап айтқанда ҚР Премьер-Министрінің келісімімен Ерхат Есқалиев «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы қызметіне келсе, Медициналық сақтандыру қорының басшысы болып Болат Төкежанов келді.

Сондай-ақ осы аптада Атырау қаласы әкімінің жаңа орынбасары болып Самат Емберген тағайындалды. Ол 1979 жылы туған. 2000 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен «Тарих пәнінің мұғалімі» мамандығын, ал 2007 жылы «Заңгер» мамандығын алған. 2005 жылдан бері мемлекеттік қызметте істеп келеді. Осы тағайындауға дейін Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы болды. Атырау қаласы әкімiнiң бұрынғы орынбасары Ұлықбек Тiнәлиев басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметiнен өз еркімен босатылған.

Ал Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Құдайберген Қорғанбаев Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып тағайындалды. Құдайберген Нұрсерікұлы Қорғанбаев 1984 жылы Тараз қаласында дүниеге келген, білімі жоғары. 2006 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Инженер» мамандығы бойына тәмамдаған. Еңбек жолын 2008 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бөлімінде бас маман болып бастаған.

2018 жылдан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.


Жоғары қарай