Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мұхтар Тайжан: Президенттің жерге қатысты мәлімдемесі тағдыршешті сөз деп санаймын

2020 жылдың 10 шілде 2020 19:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық қоғамдық кеңестің мүшесі, белгілі қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы алғанда маған Президенттің бүгінгі сөзі ұнады. Ниеті, бағдары дұрыс. Бізді тыңдап, оқып отырғаны байқалады. Әрине, әйтсе де тікелей эфирден көрсек жақсы болар еді. Медициналық-әлеуметтік сақтандыру қоры, «СҚ-Фармация», жергілікті өзін-өзі басқару, жаңа кадрлар, мемлекеттік басқару жүйесі, үкіметтің отставкасы туралы айтқандарының барлығы дұрыс. Бірақ мен үшін, жалғыз мен ғана емес, барлығымыз үшін жерге қатысты мына мәлімдемесі тағдыршешті сөз деп санаймын: «Жер шетелдіктерге сатылмайды - бұл мәселеге енді оралмаймыз. 2021 жылы мораторий аяқталғанша бұл мәселені түпкілікті шешу керек», деп Мұхтар Тайжан Facebook парақшасында Президенттің сөзін келтірді.

Мұхтар Тайжан өз тарапынан үлкен мөлшердегі жер телімдері, яғни ауылшаруашылығы жерлері жеке меншікке ешкімге сатылмауы керектігін жазған.

«Қазақстан азаматтарына да, шетелдік үлесі бар фирмаларға да, тек арендаға берілуі тиіс. Бұның барлығы жаңа заңда реттелуі тиіс жағдаяттар. Жер мәселесімен 2016 жылдан бері айналысып жүрген азамат ретінде атап өткім келеді, мәселені кезең-кезеңмен шешу тактикасы өзін ақтады: алдымен 5 жылдық мораторий жарияладық (уақыттан ұттық), енді нақты шешім қабылдаймыз. Жер мәселесі – ірі латифундистердің көптеген миллиардтық мүдделері бар өте күрделі мәселе. Барлығын бірден 2016 жылы шешіп тастау мүмкін емес еді – саяси ахуал оған жол бермеді. Өмірде де өзі мұндай жағдайлар болады, бәрі бірден орнай салмайды. Бірақ, ең бастысы – ақырғы нәтиже. Мұның барлығы халықтың өзінің патриотизмі, барлығымыздың қанға сіңген өз жеріне деген махаббатының арқасында мүмкін болды», - дейді Мұхтар Тайжан.

Еске сала кетсек Үкіметтің кеңейтілген бүгінгі отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жер мәселесіне қатысты сөйлеген еді. Оның айтуынша осы уақытқа дейін 12,8 млн гектар игерілмеген жердің 7 млн гектары мемлекетке қайтарылған.


Жоғары қарай