Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Мұхтар Төлеген: Бұл індетке үстірт қарауға болмайтынын уақыт анық көрсетті

2020 жылдың 9 шілде 2020 00:54

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттің үндеуінде айтылғандай, 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп белгілеу, осы індеттен қайтыс болған жақындарымызды еске алу - адамдық борышымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты жариялаған үндеуіне С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген осындай пікірімен үн қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлем күтпеген, әлі кездесіп көрмеген індетпен халқымыз бетпе-бет тікелей кездескенде барлық сала абдырап, тосырқап қалғаны рас. Жаһанның алдында тұрған күрмеуі қиын сынақ елді дүрліктіріп, ауыр жағдайларға әкелгені өте өкінішті болып отыр. Дегенмен, дәл бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күрделі жағдайдың аражігін ашып, денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жіберілген қателерді түзеуге байланысты жүзеге асырылатын іс-шараларды ашық түрде жариялағаны, қоғамдағы жағдайға шынайы, ресми баға беруі - анықтаушы фактор болды. 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп белгілеу, осы індеттен қайтыс болған жақындарымызды еске алу - адамдық борышымыз», - деп жазды ректор Facebook парақшасына.

Мұхтар Төлегеннің жазуынша, барлық мемлекетке төнген қауіп-қатерден береке-бірлікпен, ынтымақпен өтуіміз керек.

««Адам баласына адам баласының бәрі – дос» деп ұлы Абай айтқандай, әлемді жайлаған кеселді дүрбелең кезінде халқымызға ең бастысы достық, бауырмалдық қасиеттер қажет. Медицина, дәрі-дәрмек саласындағы іс-шараларды ушықтырмай, ақылмен ұйымдастыра отырып шығу бәрімізге сын. Әрине, «тас түскен жеріне ауыр», ең ауыр салмақ денсаулық сақтау министрлігіне түсетіні рас. Бірақ дәрі-дәрмектің бағасын пайдакүнемдік мақсатта өсіру, күрделі жағдайды саяси мақсатта пайдалану қылмыс болып есептеледі», - дейді ол.

Университет ректоры бұл індетпен күрес барысында немқұрайлы, үстірт қарауға болмайтындығын уақыт анық көрсеткенін жеткізді.

«Өйткені кез келген «мүлт кеткен» тұстарды бұл індет кешірмейді. Жаһандық індетпен күресуде әрекетсіздік, шарасыздық, енжарлық танытқан жауапты тұлғалардың заң тұрғысынан жауапкершілігі жеке қарастырылатындығы айтылды. Әлемдік ауқымды дерт, қандай күрделі қиындықтар болмасын, шын мәнісінде билік пен халық арасында еш жасырусыз, ашық һәм сындарлы, түсінікті сұхбат жүргізілетін болғанда кез келген кедергіден, қиындықтан саналы сабырмен, пайымды парасаттылықпен өтуге болатындығын ұқтырды. Халқымызға зор денсаулық тілеп, карантин шараларын қатаң сақтауға, ал тиісті мемлекеттік органдарды өз қызметіне қырағы жауапкершілікпен халықтың жағдайын жасауға шақырамыз, себебі біздің мемлекетіміздің ең негізгі байлығы - халқымыз!» - деп түйді Мұхтар Төлеген.

Еске сала кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеу жариялаған болатын. Президент отандастарымызды халқымыздың басына түскен сынақ алдында қайсарлыққа, сабыр мен жауапкершілікке шақырды.


Жоғары қарай