Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шет мемлекеттер басшылары Елбасын туған күнімен құттықтады

2020 жылдың 6 шілде 2020 08:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына шетел мемлекеттері мен үкіметтері басшыларынан келіп жатқан құттықтау хаттар легі жалғасуда. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Тұңғыш Президентінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин өз жеделхатында Қазақстанның Тұңғыш Президентіне мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеген.

«Сіз Қазақстан Республикасының негізін қаладыңыз және өз халқыңыздың ыстық ықыласы мен құрметіне бөленген ұлт көшбасшысыз. Өзіңізбен бірге Қытай-Қазақстан қатынастарының игілігі жолында иық тіресіп жұмыс істеген кездерді жиі еске аламын. Екі ел ынтымақтастығын дамытуға қосқан зор үлесіңізді жоғары бағалаймын. Сіз әрдайым менің жақсы досым болып қала бересіз. Әрі қарай да Қытай мен Қазақстан арасындағы достықты дамытуға көңіл бөлесіз деп сенемін.

Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр мен барлық бастамаларыңызға табыс, ал достас Қазақстан халқына бақ-береке тілеймін», - делінген Си Цзиньпиннің жеделхатында.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Елбасының басшылығымен Қазақстан Республикасы дамудың үлкен жолынан өткенін атап өтті.

«Сіздің көреген және табанды саясатыңыздың арқасында экономика айтарлықтай ілгері басып, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты өсті және Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі артты.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, осынау айтулы күнде Сізді тағы да шын жүректен құттықтаймын және бауырлас Қазақстан халқына татулық пен бақ-береке тілеймін», - делінген жеделхатта.

Армения Республикасының Президенті Армен Саркисян Елбасының әлемдік деңгейдегі тұлғалығы мен даналығына әрдайым тамсанып келетінін айтты.

«Осы айтулы күн – Сіздің Қазақстанның қарқынды дамуындағы, халықаралық аренадағы рөлін нығайтудағы зор жетістіктеріңізді тағы бір рет бағалаудың мүмкіндігі», - делінген А.Саркисянның жеделхатында.

Сондай-ақ Украина Президенті Владимир Зеленский Елбасын 80 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Сіздің мемлекеттік қызметіңіз тарихи көрегендіктің, халық мүддесіне деген адалдықтың, тәуелсіздіктің жүйелі қорғалуының және Қазақстан Республикасының белсенді дамуының үлгісі.

Сіздің мемлекетті басқарудағы қажырлы еңбегіңіз біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың табысты дамуының кепіліне айналды және осы ынтымақтастық бұдан былай да оң қарқынын сақтайды деп сенемін. Мен Сіз сияқты украин халқының Орталық Азиядағы шынайы досы мен сенімді серіктесі бар екенін бағалаймын», - деп жазған В.Зеленский.

Польша Республикасының Президенті Анджей Дуда Елбасының мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытудағы күш-жігерін атап өтті.

«Бүгінгі таңда Қазақстансыз халықаралық қауіпсіздік архитектурасы туралы айту қиын. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдардағы алғашқы тұрақты емес мүшелігі кезінде көтерген бастамалары және осы алаңдағы біздің бірлескен жұмысымыз сөзіме дәлел», - делінген Польша Президентінің жеделхатында.

Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян да Нұрсұлтан Назарбаевқа және күллі Қазақстан халқына татулық пен бақ-береке тіледі.

«Қазақстанның дамуына және еуразиялық кеңістіктегі өзара тиімді интеграциялық үдерістерді күшейтуге бағытталған Сіздің көпжылдық күш-жігеріңіздің арқасында елеулі прогреске қол жеткізілді», - деп жазды Н.Пашинян.

Сондай-ақ Литва Республикасының Президенті Гитанас Науседа, Латвия Республикасының Президенті Эгилс Левитс, Иордания Королі ІІ Абдалла ибн Хусейн әл-Хашими, Үндістанның Премьер-Министрі Нарендра Моди және Люксембург Премьер-министрі Ксавье Беттель өздерінің құттықтау хаттарында Елбасының Қазақстанның тәуелсіздігін қалыптастырудағы және халықаралық қатынастарды нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті.


Жоғары қарай