Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

3 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 3 шілде 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 3 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1903 жылы Қазақстандағы орта білім мекемелерінің бірі - Семей мұғалімдер семинариясы ашылды. Оған Семей, Кереку, Өскемен, Қарқаралы және Ақмола уездерінен 24 бала қабылданған. Кейін Тобыл, Барнаул және Жетісу оқушылары қабылдана бастады. Семинарияның бірінші директоры - А.Белый.

1960 жылы Қарағандыдағы металлургия комбинатында тұңғыш домна пеші іске қосылды және сол күні Қазақстанның тұңғыш шойыны алынды. Бұл күн Қазақстан Магниткасының дүниеге келген күні болып саналады.

1995 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің жариялануын мәңгі есте қалдыру, қоғамды топтастыру, гуманизм, ұлтаралық татулық, қазақстандық патриотизм тәрбиелеу идеяларын көркем бейнелеу мақсатында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткішін орнату туралы» қаулысы шықты.

2009 жылы Астана қаласында төбесі жабық 30 мың орындық жаңа «Астана Арена» стадионының ашылды.

2013 жылы номиналы 500 теңгелік «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне 10 жыл» ескерткіш күміс тиындар қолданысқа енді. Металдың құрамы - Ag 925/ 31,1g, диаметрі - 38,61 мм, дайындау сапасы - proof. Таралымы - 3 000.

2013 жылы археологтар Ақмола облысы Сандықтау ауданының бұрынғы Сарқырама мекенінен біздің заманымызға дейінгі IV ғасырға тиесілі бірқатар бірегей ескерткіштер тапты.

2015 жылы Татарстан астанасы - Қазан қаласының орталық көшелерінің біріне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді.

2017 жылы Қарағандыда тау-индустриалдық колледжінің базасында шахтада орналасқан ерекше музей ашылды. Шахта 15 метр тереңдікте орналасқан, оның аумағы жүз шаршы метрден асады. Онда қазіргі шахталарда қолданылатын құрал-жабдықтар орнатылған. Әр құрылғыда жабдық туралы ақпараттар үш тілде көрсетілген.

2017 жылы Қазан қаласында өткен XIII Халықаралық мұсылман кинофестивалінде қазақстандық режиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» атты туындысы көрсетілді. Аталған картинаның сценарийін кинодраматург Нұрлан Санжар жазып шыққан. Оған Сәбит Құрманбеков те көмектесті. Композиторы - Айдос Сағат. Басты рөльдерді Дулыға Ақмолда, Ержан Түсіпов, Есім Сегізбаев, Шынар Асқарова, Баян Қанжабиева және тағы басқа актерлар сомдады.

2018 жылы ақтөбелік дизайнер Сәбина Жанзақова ұлттық киім үлгісімен Түркияның Кемер қаласында өткен халықаралық балалар және жасөспірімдер шығармашылығы фестивалінде бас жүлдені иеленді. Оған 15 елден 25 шығармашылық ұжым қатысты.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай