Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Рейд:130-дан астам түркістандық кәсіпкерге айыппұл салынды

2020 жылдың 11 маусым 2020 21:36

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістандаағы қоғамдық тамақтану орындары мен қонақүйлер карантин тәртібін сақтамайтыны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстың бас санитар дәрігері бастап, әкімшілік, полиция қызметкерлері мен БАҚ өкілдері шаһардағы бірқатар қоғамдық орындарды аралап, біраз кемшіліктерге көз жеткізді. Мониторинг жүргізу барысында 4 мобильді топ 20-дан астам нысанға барып, бірқатар құқықбұзушылықтарды анықтады.

Рейд барысында қоғамдық тамақтану орындары түнгі 23:00-ден кейін жұмыс істеп тұрғаны, ондағы келушілер саны тым көп екені белгілі болды. Дәмханадағы тұрғындар да бетперде киместен, тіпті қарапайым гигиеналық талаптарға жүрдім-бардым қарайтыны байқалды. Ал, полиция қызметкерлеріне емін-еркін отырған көпті орнынан қозғау қиынға соқты. Арнайы топ жеке-жеке ескерткеннен кейін ғана тұтынушылар орындарынан асықпай тұрып тарқасты. Осындай кемшіліктерге жол берген дәмхана қожайындарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Базбір дәмханаларда кәсіпкерлер мобильді топ өкілдерін көріп, жарықты сөндіріп қойған жәйттер орын алған. Карантиндік тәртіпке бағынбаушылық фактілері қонақүйлерде де тіркелді. Мұнда да қызметшілер бетперде киместен, келушілерге антисептик себуді ұмыт қалдырғаны анықталды. Сонымен қатар СЭС тарапынан қойылған уақыттан артық қызмет көрсетілетіні белгілі болған. Жалпы мамандар карантин режимі енгізілгелі бері тек Түркістан қаласының өзінде 130-дан астам кәсіпкерге қатысты айыппұл салынғанын айтады. Олардың қатарында дәмханалар мен қонақүйлердің қожайындары бар.

«Түркістандағы қонақ үйлердің бірінде ресепшнде отырған маман қолғапсыз, маскасыз жұмыс істеуде. Сонымен қатар бұл жерде дезинфекциялық шаралар сақталмайды», - дейді Түркістан облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшының орынбасары Алдарқұл Ахметов.

Мобильді топ өкілдері бұл жолы тек кәсіпкерлер ғана жауапқа тарттық деп отыр. Алдағы уақытта карантиндік тәртіпке бағыынбағаны үшін жеке азаматтарға да айыппұл салынады деп ескертті. Кәсіпкерлерге сақтық шаралары сақталмаған жағдайда өсім көрсеткіші төмендемейтіні, бұл өз кезегінде карантиндік талаптарды қайта күшейтуге алып келетіні түсіндірілді. Әсіресе, қарапайым сақтық шараларына ерекше назар аударылуы тиістігі ескертілді.

Еске салайық, өңірдің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері карантин режимінің коронавирустық инфекция жағдайы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақтанған кезеңге дейін жалғасатынын мәлімдеген болатын. Соңғы көрсеткіштер бойынша, Түркістан облысында коронавирус жұқтырғандар саны 400 адамнан асқан.



Жоғары қарай