Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Қытайға жөнелтілетін пойыздан 31 млн теңгенің жүгін ұрлағандар ұсталды

2020 жылдың 10 маусым 2020 22:07

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытайға жөнелтілетін пойыздан 31 млн теңгенің жүгін ұрлағандар ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Әлібаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылдың қыркүйегінде Жезқазған станциясындағы Желілік полиция бөлімшесіне жүк пен қол жүгін қабылдап-тапсырушыдан хабарлама түскен. Ол «Жіңішке –Алашаңқай ҚХР» бағытында жөнелтілетін жүк пойызының 3 вагонынан жалпы салмағы 85 тоннаны құрайтын 77 биг-бег «ферроқорытпа» жүгі жетіспейтіндігін айтқан. «Хром» компаниясына осылайша 31 млн теңге сомасында материалдық шығын келтірілген.

Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі 3-тармағы (аса ірі мөлшердегі ұрлық фактісі) бойынша Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген.

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Әлібаевтің айтуынша, жедел-іздестіру іс-шарасының барысында Қарағанды облысының 24-33 жас аралығындағы бес азаматы ұсталды. Олардың арасында «Әскерилендірілген темір жол күзетінің» күзетшісі де болған. Күдікті өзінің сыбайластарына жүк вагондарының Жезқазған станциясына келетін уақытын хабарлаған.

«Көлік полицейлері жүктердің сақталуын қамтамасыз етуге тиіс темір жол ұйымдары қызметкерлерінің өздері жасайтын ұрлық фактілері кездесетінін айтады. Мәселен, жыл басынан бері жылжымалы құрамдардан жүк ұрлағандары үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның 5 қызметкері және «ӘТЖК» АҚ-ның 3 қызметкері ұсталды» - деді Нұржан Әлібаев.

Ұсталғандар ұрланған жүкті қапқа салып, оларды Қарағанды қаласына дейін тасымалдау үшін алдын ала 3 автокөлік пен «КамАЗ автокран» автокөлігін жалға алған.

«Тергеу барысында күдіктілердің кінәсі толық дәлелденіп, Қарағанды облысы Жезқазған қалалық сотының үкімімен оларға 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - дейді департамент бастығының орынбасары.





Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: ҚР ІІМ, Қылмыспен күрес, Жол,
Жоғары қарай