Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Археологтар Күлтөбе қалашығынан балалардың ертедегі ойыншығын тауып алды

2020 жылдың 5 маусым 2020 12:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның ежелгі қала мәдениетінен сыр шертетін Күлтөбе қалашығындағы қазба жұмыстары барысында археологтар тағы бір бірегей жәдігерді - XVII-XVIII ғасырға жататын керамикалық ысқырғышты тауып алды.

Жәдігер ысқырық ойыншықтар тобына жатады. Музыкалық аспап ретінде де пайдаға жараған болуы керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан ғылыми-зерттеу институты қолға алған «Күлтөбе қалашығы тарихи нысандарын реставрациялау» жобасының ғылыми қызметкері Руслан Шербаевтың айтуына қарағанда құс сипатты ысқырғыш топырақтан жасалған. Археологиялық жәдігерлердің сирек кездесетін түріне жатады. Оның көлемі шамамен 5,0 см. Беті қызыл арнайы бояу – ангобпен сырланған. Ойыншықтың үш тесігі бар: ысқырғыштың құйрық тұсында ерін тигізер бөлігі болса, оның ізінше үрлеуіш арнасы басына дейін жалғасады. Аспаптың құйрық тұсында кішкентай сыбызғы – үрлеуіш арнамен байланысып жатқан диаметрі 6 мм-лік тесігі бар. Сыртынан қарапайым ғана көрінетін осынау жәдігер әртүрлі дыбыс шығарады.





XVII-XVIII ғасырдағы балалардың керамикалық ысқырғышы. Күлтөбе қалашығы

«Дәл осындай ысқырғыштар Еуразия аумағының археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген біршама бөлігінен да табылған. Бәрі де XVII-XVIII ғасырға тиесілі. Мамандардың көбінің пікіріне құлақ ассақ, ертеде топырақтан жасалған мұндай бұйымдар аруақтармен тілдесу үшін, діни рәсімдерде культ құралы ретінде қолданылған», - деп түсіндіреді археолог Ерлан Қазизов.





Жәдігерді тапқан археологтар – Руслан Шербаев пен Ерлан Қазизов

«Күлтөбе қалашығында жылда ғалымдардың қолына әртүрлі артефакттар, соның ішінде өте сирек кездесетін жәдігерлер түседі. Олардың қатарына бүгін таныстырылған – топырақтан жасалған балалардың ысқырғышы да кіреді. Ғасырлар бойы жер астында жатса да қазір табылған ол керемет үн шығара алады. Белгілі түркістандық суретші-керамист әрі ежелгі аспаптарды ойнай алатын Абайхан Рахманбердіұлы Рысбаев ертедегі аспапты сыннан өткізіп, бәріміз ысқырғыштың бүлінбей бүгінге жеткеніне көз жеткіздік. Айтпақшы аутентикалық технологиямен жасалған Абайхан Рахманбердіұлының керамикалық бұйымдары ЮНЕСКО сапасы белгісімен аталып өткен», - дейді жобаның ғылыми қызметкері, археолог әрі этнограф Айсұлу Ержігітова.





Суретші-керамист Абайхан Рахманбердіұлы Рысбаев күлтөбелік ысқырғышта ойнап отыр

Шебердің айтуынша мұндай ысқырғыштар өзінің бала кезінде де болған. Пайдаға жарата білген адам бұл ысқырғыштың көмегімен құстың үнін келтіріп, желдің дауысына сала алады. Қазіргі уақытта шебер археологиялық жәдігерлер негізінде аутентикалық технологиямен осындай балалардың ойыншық ысқырғышын әзірлеуді де үйреніп алған. Мұндай ысқырғыштар туристердің үлкен сұранысына ие екен.

«Eurasian Resources Group (ERG) қаржылай қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Күлтөбе қалашығы тарихи нысандарын реставрациялау» жобасы аясында ғалымдар қызықты тарихи жәдігерлерді тауып алған. Осы мұралар ежелгі Түркістанның мәдени мұрасының бірқатар қырын аша түседі. Ал бүгінгі ойыншық ысқырғыш – жоба бойынша ғылыми ізденістердің бағыттарының бірін анықтайтын сирек әрі жарқын экспонат. Жәдігерлер мен материалдарды ғалымдар түйірімен жинақтап жатыр», - дейді жобаның бас ғылыми қызметкері Жанерке Шайғозова.


Басты сөздер: Қазақстан тарихы, Қоғам,
Жоғары қарай