Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Түркістан облысында ұйымдасқан қылмыстық топ қолға түсті

2020 жылдың 4 маусым 2020 14:19

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Криминалдық полиция қызметкерлері 10 адамнан тұратын қылмыстық топты қолға түсірді. Браконьерлікке қатысы бар деген күдікпен ұсталғандардың келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі 8 млн астам теңгені құраған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД бастығының орынбасары Құрманбек Саховтың айтуынша, қылмыстық топ бірнеше жылдар бойы Шардара су қоймасынан заңсыз балық аулап жүрген. Жедел уәкілдер күдіктілерді ұстау үшін екі ай бойы дәлелдемелер жинақтап, нәтижесінде оларды қолға түсірген. 10 адамнан тұратын қылмыстық топтың ішінде 3 әйел болған. Олардың барлығы Түркістан облысы мен Шымкент қаласының 20-дан 53 жасқа дейінгі тұрғындары екені анықталды. Айғақты зат ретінде балық аулайтын электр құрал-жабдықтары мен желілер, металл ілмектер мен 13 моторлы және резеңке қайықтар, 12 калибрлі оқтар тәркіленген. Сондай-ақ, 1,5 тоннадан астам балық пен 425 килограмм ысталған балық алынған.







«Күдікті ретінде 3 адам қамауға алынып, 7 адам «ешқайда кетпеу туралы қолхатпен» жіберілген. Қылмыстық топтың қатысушылар өздеріне белгіленген әрекеттерді жасаған. Балықшылар заңсыз балық аулап, сатып алушыларға өткізген. Өз кезегінде олар балықтарды Шымкент қаласының базарларында сатқан. Сондай-ақ, балық сатып алушылар балықшыларға материалдық көмек беріп отырған. Күдіктілердің арасында екі отбасы бар. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда»,-деді полиция подполковнигі.





Жоғары қарай