Ауа райы
Астана 14 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Нығматулин: Басты мақсат – ауылды сапалы және қолжетімді интернетпен қамту

2020 жылдың 3 маусым 2020 11:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттардың өздері бастамашы болған ауылды сапалы интернетпен қамту туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды төменгі палатаның баспасөз қызметі.

Аталған заң жобасында елдімекендерді ұялы байланыспен қамтып, желінің сапасын арттыру үшін байланыс операторларына телекоммуникациялық инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану ұсынылады.

Осы жөнінде Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Еліміздің цифрлық даму жолында интернет мәселесінің басты назарда екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Әсіресе, ауылды жерлерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету — бүгінгі күннің басты талабы. Себебі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңес отырысында білім және денсаулық салаларын заманға сай реформалау туралы айтқан болатын. Осы жолда, әрине, цифрлық және электрондық қызметтердің қажеттілігі өте маңызды», - деді.

Нұрлан Нығматулин атап өткендей, осы заң жобасы ауыл тұрғындарын сапалы және қолжетімді интернетпен қамтамасыз етуге жаңа серпін беретіні сөзсіз.

Жалпы, бұл құжат ауылдық елдімекендерді интернетке кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.

Сонымен қатар, байланыс объектілерін салу кезінде жер учаскелерін ресімдеу бойынша рұқсат беру рәсімдерін оңайлатуға және байланыс операторларының барлығына телекоммуникациялық инфрақұрылымға тең қол жеткізу мүмкіндігін беруге бағытталған.


Жоғары қарай