Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Ливан халқы Қазақстан бітімгерлеріне құрметпен қарайды - Бахрам Ансардин

2020 жылдың 29 мамыр 2020 09:42

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2002 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 мамырды Халықаралық бітімгелер күні етіп бекітті. Бұл күн әлем бойынша қызмет етіп жүрген бітімгерлердің жанқиярлықтарына алғыс білдіруге үндейді. Атап айтқанда, Қазақстан тарапы да осы маңызды миссияға өзінің елеулі үлесін қосып келеді. 2018 жылдың қазанынан бастап 2019 жылдың мамыр айына дейін Ливандағы БҰҰ миссиясына 120 әскери қызметшіден құралған алғашқы бітімгершілік рота қатысты. 2019 жылдың мамыр айында оның орнына алты ай мерзімге екінші бітімгершілік рота жіберіліп, 120 әскери қызметшіден құралған бөлімше қараша айына дейін миссияда болды. Қазіргі кезде үшінші Қазақстандық бітімгершілік ротасы үндістандық батальон құрамындағы БҰҰ-ның Ливандағы бітімгершілік миссиясын жалғастыруда. Осы орайда аталған миссия аясында қызмет етіп жүрген 23 жастағы қазақстандық кіші сержант Бахрам Ансардиннен сұхбат алудың сәті түсті.

- Бахрам, жарты жылдан астам уақыт Ливанда бітімгерілік міндетті атқарып жүрсіздер. Елге оралу уақыты қашанға белгіленді?

- 2019 жылдың қараша айынан бастап Ливандамыз. Негізі, осында жарты жыл болуымыз керек еді, алайда коронавирус инфекциясына байланысты карантин жариялануына орай, осындағы қызметіміз біршама уақытқа созылатын болды. Біз шамамен тамыз айында елге ораламыз деп жоспарлап отырмыз. Пандемияға байланысты миссия қолбасшылығы вирустың таралуының алдын алу бағытында қажетті сақтық шараларын қабылдады.

- Ливанда қазақстандық сарбаздарға қандай міндеттер жүктелген?

- Миссия аясында патрульге шығамыз, қоғамдық тәртіпті қараймыз. Осы орайда бітімгершілік ротасы Үнді батальонымен бірлесіп тиісті міндеттерді орындайды. Сонымен қатар, блокпосттарда қызмет атқарамыз, әскери базалардың күзетілуі үшін жауап береміз. Айта кетейін, осы елге келер алдында Қазақстанда егжей-тегжейлі дайындықтан өттік. Осы тыңғылықты дайындықтардың арқасында Ливанда алдымызға қойылған тапсырмаларды лайықты деңгейде орындап жүрміз деп айтуға болады. Мұнда ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі. Бір тәулік кезекшілікте болсақ, келесі күні демаламыз. Жарты жыл ішінде осындағы тәртіпке әбден үйреніп алдық. Егер де алдағы уақытта мұндай бітімгершілік ротамен тағы да жіберсе, көп ойланбастан бірден келісер едім.








- Елімізде бітімгерлерді дайындау талаптары туралы айтып берсең?

- Бітімгершілікке өзімнің қалауыммен бардым. Бұл ретте алдымен өз атымыздан өтініш жазамыз, сондай-ақ ата-анамның келісімін алдым. Ливанға бармас бұрын үш кезеңінен тұратын іріктеуден өттік. Осы орайда медициналық, психологиялық тестілеуді және басқа да сынақтарды еңсердік. Полигон жағдайында алты айлық дайындық болды. Ол жерде шет тілін үйрендік. Бұл тұрғыда шет тілін меңгеруге назар аударылады, яғни қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгердім. Қызмет барысында Үнді сарбаздарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Олармен бірге блокпостқа түсеміз, патрульге шығамыз. Негізі, үнділер мейірбан әрі кішіпейіл адамдар. Сондықтан олармен тез арада достасып алдық.

- Біздің сарбаздардың құралдармен, киіммен және өзге де қажетті заттармен жабдықталуы деңгейін қалай бағалар едің?

- Мемлекетіміз сарбаздарды қажетті қарумен және оқ-дәрімен, жеке және арнаулы жабдықпен толықтай қамтамасыз еткен. Олардың барлығы заманауи жабдықтар. Қазақстаннан барған 120 адам үшінші Қазақстандық бітімгершілік ротасы үндістандық батальон құрамындағы БҰҰ-ның Ливандағы бітімгершілік миссиясын жалғастыруда. БҰҰ миссиясында Қазақстан бітімгерлеріне төленетін еңбекақы мөлшеріне де көңіліміз толады. Жалпы, сарбаздарды қамтамасыз ету деңгейін жақсы бағалаймын. Бүгінде біз орналасқан базада сарбаздарға қолайлы жағдай жасалған. Дене шынықтырумен айналысу үшін жабдықталған спорт залы бар.





- Қазір Ливандағы жағдай қалай? Жергілікті тұрғындардың бітімгерлерге деген көзқарасы қандай?

- Патрульдік бақылау кезінде тосын жағдайлар болып жатса, Ливанның әскерін шақырамыз. Жергілікті армияның өкілдері тиісті шешім жасайды. Патрульге шыққанда жергілікті тұрғындардың бізге деген жақсы көзқарасын байқаймыз. Атап айтқанда, Қазақстан мемлекетіне деген сыйластық пейілдерін көрсетіп жатады.

- Бахрам, уақыт тауып сұхбат бергенің үшін көп рақмет! Жауапты әрі абыройлы бітімгерлік ісіңе табыс тілейміз!















Жоғары қарай