Ауа райы
Астана 31 °С
Алматы 33 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Аида Балаева бейбіт жиналыстар туралы заң жөнінде: Құжат қоғам арасында ауқымды талқылаудан өтті

2020 жылдың 28 мамыр 2020 09:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жақында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңына қол қойған болатын. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында аталған Заңның басымдықтары туралы айтты.

- Аида Ғалымқызы, жаңа заңның негізгі басымдығы туралы айтып берсеңіз?

- Расында да, дұрыс байқап отырсыз, 1995 жылы қабылданған заңмен салыстырғанда жаңа құжат бірқатар басымдыққа ие. Көптеген сарапшылар заңның әр бабына қатысты жеке-жеке түсініктемелер берді. Сондықтан егжей-тегжейіне бармай-ақ қояйын. Тұтастай алғанда, құжат билік пен қоғам арасындағы диалогты демократияландыруға, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асыруға қажетті жағдайлар жасауға бағытталған. Соның ішінде жиналыстарды ұйымдастырушылардың, оған қатысушылардың, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар арасындағы жауапкершілікті тең бөлуге және ең бастысы, азаматтардың бейбіт және қарусыз жиналып, өз көзқарасын білдіруіне конституциялық құқықтарын нақты іске асыруға бағытталған.

Митинг ұйымдастырушыларына рұқсат бермеу үшін немесе митингке қатысушылардың көңілінен шықпайтын орынды ғана белгілеу үшін мемлекеттік органдар ескі Заң ережелерін қалауынша бұрмалай алатын. Қазіргі заң нормасы бойынша тек Алматы қаласының өзінде жиналыс өткізетін кем дегенде 24 арнайы орын белгіленді, яғни әр ауданда үш орыннан бар. Ал Нұр-Сұлтан қаласында 12 орын болады. Сонымен қоса, бұл орынның барлығы аудандар мен елді мекендердің орталық бөлігінде болуы тиіс.

Бұнымен қоса, митинг өткізуге рұқсат беруді ескерту тәртібімен алмастыру да – демократияға қарай жасалған үлкен қадам. Көптеген дамыған елдерде әлі күнге дейін рұқсат беру тәртібі қолданылады.

Ең салмақты көрсеткіш - «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңы тұтастай қоғамның, құқық қорғаушылар және сарапшылардың арасында кеңінен талқыланғаны деп атағым келеді. Азаматтық қоғаммен бірлесіп талқыға түскен соң құжат Парламент қабырғасында елеулі өзгерістерге ұшырады.

Заңнан хабары бар кез келген адам 1995 жылғы Заң мен қазіргі Заңның редакциясын салыстырып қараса болады, менің ойымша осылай істегенде оларға бірдеңені түсіндірудің де қажеті болмай қалады.

- Дегенмен, осындай оң өзгерістерге қарамастан, біраз адамдар жаңа Заңды сынға алып жатыр. Бұған не айтар едіңіз?

- Рас, заңды сынаушылар жоұ емес, әйтсе де бұл қалыпты құбылыс. Мысалы, бейбіт жиындарды ұйымдастырушыларға жас шектеуі қойылғанына кейбіреулердің көңілі толмайды. Бірақ заңда тайға таңба басқандай барлығы анық жазылған, 18 жасқа толмаған Қазақстан азамытының бейбіт жиындарға қатысуға толық құқы бар, бірақ кәмелет жасына жетпегендіктен олар ұйымдастырушы бола алмайды. Себебі, ұйымдастыру дегеніңіз негізінен «ересек адамдарға» қатысты болатын белгілі бір мүмкіндіктерді (мысалы митингіні қаржыландыруды) қажет етеді. Ал бейбіт жиынды ұйымдастырушылардың жасына шектеу қою басқа елдерде, соның ішінде Еуроодаққа кіретін елдерде де бар.

Ескеретін тағы бір мәселе: елімізде кәмелет жасына толмаған балаларды митингіге қатыстырып, әлдебіреулер өз мақсатына пайдаланып кете ме деп қауіптенетін адамдар көп. Олардың пікірін де ескерген дұрыс.

Осындай жағдайларға қарамастан, жергілікті атқарушы органдарға бірқатар міндет жүктелген: құқықтық тәртіп, медициналық көмек, өрт қауіпсіздігін солар қамтамасыз ету керек. Мұның бәрінен ұйымдастырушылар босатылып отыр.

- Заң жұмыс істеген кезде қандай да бір қиындық туындап жатса Министрлік тарапынан ұсыныстар дайындала ма?

- Заңнаманы әзірлеген орган ретінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі оның тиісті дәрежеде орындалуына да үнемі мониторинг жасап отырады. Заңның іс жүзінде қолданылу нәтижесі бойынша жергілікті атқарушы органдарға ұсыныс беріледі. Тіпті бүгінгі күннің өзінде Министрлік заңның ережелерін өңірдегі жергілікті билікке түсіндіру жұмыстарын бастап кетті.

Қазіргі уақытта біз үшін маңыздысы – Заңның тәжірибеде жүзеге асуы. Әуелі біз жергілікті атқарушы органдарға құжаттың нормалары мен ондағы жаңалықтарды түсіндіріп, практикада қалай қолданылатынын көруіміз керек. Осының барлығын есепке алып барып қана қандай да бір қорытынды жасауға және ұсыныс туралы айтуға болады.

- Бейбіт жиын өткізуге атқарушы органдар рұқсат бермесе, олардың әрекетінің заңға қаншалықты сәйкес екенін кім тексеріп, бақылап отырады?

- Егер ұйымдастырушыларға бейбіт жиын өткізуге жергілікті атқарушы органдар еш себепсіз тыйым салса, онда ұйымдастырушылар Заң нормаларына сәйкес, бұл шешімге қатысты сотқа шағым түсіре алады немесе олардан жоғары тұрған органдарға жүгінуіне де мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, менің ойымша, кез келген шешім әлеуметтік желіде кеңінен талқыланады ғой, сондықтан қабылданатын шешімдер елеусіз қалмасы анық.

- Ал бейбіт жиын өткізуге арналған орынды таңдау кезінде қоғамның пікірі ескеріле ме?

- Заң бойынша мұндай орындарды анықтауға үш ай мерзімі бекітілген. Заңға Президент қол қойды, ресми БАҚ-та жарияланды. Заң бойынша Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейінгі 10 күннен соң құжат күшіне енеді. Содан кейін мәслихат бейбіт жиын өткізуге арналған орынды жұртшылықпен кеңінен талқылап анықтауға міндетті. Заңнамаға сәйкес, барлық ұсыныстар міндетті түрде Нормативті-құқықтық актілердің ашық порталына салынады, сол жерде халықпен келісіледі. Сонымен қатар өңірлердегі Қоғамдық кеңестерде де кеңінен талқыланады.


Жоғары қарай