Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Талдықорғанда дүниеге келген үшем перзентханадан шықты

2020 жылдың 27 мамыр 2020 21:13

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Талдықорған қаласындағы облыстық перинаталды орталықта дүниеге келген үшем үйіне шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған перзентханада 27 сәуір күні ұл балалардың екеуі 1 келі 800 грамм және бірі 2 келі салмақпен туған. Облыстық перинаталды орталықтың директоры Қанат Жұмашев перзентханадан шығатын кезде сәбилер 500 грамға дейін салмақ қосқанын айтты.

«Балалар кесарь тілігі арқылы дүниеге келді. Перзентханада бір ай бойына үшем мен анасының денсаулығын қатаң бақылауға алдық. Өйткені уақытынан бұрын дүниге келгендіктен кез-келген уақытта қиындық тууы мүмкін. Қазір денсаулықтары жақсы, жағдайлары қалыпты», - деді перзентхананың бас дәрігері.




Балалардың ата-анасы Иманғабыловтар Ескелді би ауданына қарасты Алдабергенов ауылдық округінің тұрғындары. Анасы 33 жастағы Маржан Иманғабылова мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. Бұған дейін екі баланы дүниеге әкелген Маржан енді көпбалалы ана атанды.

Ескелді аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Роза Ибраева үшемдерге қажетті медициналық көмек көрсетілетінін айтты.




«Үшемдердің күтіміне орта медицина қызметкерлері көмек көрсетеді. Учаскелік дәрігер балалардың денсаулығын бақылауда ұстайды. Сонымен қатар үшемдерді балаларға арналған тамақпен қамтамасыз ететін боламыз», - деді бас дәрігер.




Айта кетейік, биыл жалпы Алматы облысының үш отбасында үшем дүниеге келді.

Жоғары қарай