Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

27 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 27 мамыр 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2020 жылғы 27 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.

Дүниежүзілік бытыраңқы склерозға қарсы күрес күні

2009 жылдан бері жыл сайын мамырдың соңғы сәрсенбісінде аталып өтіледі. Халықаралық бытыраңқы склероз федерациясының бастамасымен бекітілген. Бұл күннің басты міндеті - бытыраңқы склероз мәселесіне халықаралық деңгейде назар аудару, оған шалдыққан адамдарға, олардың отбасына көмектесу, сондай-ақ осы ауруды зерттеуге қаржы жинау.


ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Жамбыл облысы Шу ауданының Балуан Шолақ атындағы ауылында балуан, ақын, композитор Балуан Шолаққа ескерткіш орнатылды.

1999 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы мәңгілік достық жөніндегі Шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

2009 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жазушы Қайым Мұхамедхановтың «Тағдыр және Карлаг» атты туындысы оқырмандар назарына ұсынылды. Шара «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» бастамасымен және Қазақстан-Британ техникалық университеттің қолдауымен өткізілді.

Қайым Мұхамедханов (1916-2004) - Мұхтар Әуезовтің ғылыми тұжырымдамаларының шәкірті және сенімді жалғастырушысы, өз өмірін Абай өнерін зерттеуге арнаған, ұлы ойшылдың ақындық мектебін оқуды тереңдеткен. Ол қатал кезеңдерде де ұлттық мәдениет өкілдері - Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтардың өнерлерін батыл насихаттаған.

2009 жылы Қарағанды облысындағы 500 кВ-тық «Ағадыр» қосалқы стансасында «Ағадыр-ОҚМАЭС» учаскесі іске қосылды.

2012 жылы Әйгілі кәріс режиссері Чо Со Ри Астанаға бүкіл әлемге танымал «Ариран» музыкалық лазерлік шоуын алып келді.

Гиннестің рекордтар кітабына енген шоу «Қазақстан» орталық концерт залында ҚР мен Оңтүстік Корея арасындағы дипломатиялық қатынастың 20 жылдығына орай өткізілді.

Бiр жарым сағаттық спектакльдің негізіне «таңғы жұпар елінің» философиялық тарихы алынған. Онда кәрiс халқы өнерiнiң таңғажайып түрлерi үйлесім тапқан. Таэквондо жауынгерлiк өнердiң үлгiлiк көрсетiлiмдерiн ұлттық дауылпаз аспаптардағы әуен ауыстырды. Одан кейін Кореяның қазіргі заманғы рок-музыкасы құлақ құрышын қандырған соң желпуiштерi бар әсерлi дәстүрлi кәрiс биіне жол бердi. Сонан соң «B-Boy» әйгiлi брейк-данс жастар тобы елорда жұртының алдында өнерлерін паш етті.

2016 жылы Қостанайда салтанатты түрде Қобыланды батыр монументі ашылды. Ескерткішті Қостанайға аты аңызға айналған батырдың ұрпақтары қойдырды. Оны ҚР Суретшілер одағының мүшелері Ахметовтар жасады.

2016 жылы National Geographic қоғамдастығының мүшелері 1954 жылғы журналдың мұқабасында суреті жарияланған Фазила Жаналтайды іздеп тапты. Астананың 80 жастағы тұрғыны осы басылымның қазақстандық нұсқасының тұсаукесеріне шақырылды. Журналдың 1954 жылғы сол нөмірінде Алтайдан Түркияға көшу кезіндегі босқындардың өмірі, сондай-ақ қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі туралы жазылған. Фазила Жаналтай - тірі қалған босқындардың бірі. Ф.Жаналтайдың айтуынша, америкалық фотографтың түсірген суретінде ол небары 16-17 жаста.

2018 жылы Чуваш Республикасының Ұлттық кітапханасында қазақ әдебиеті және мәдениеті орталығы ашылды.Қонақтарға үш тілде - қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі өнер саласындағы, тарихи, ғылыми және көркем әдебиет туындылары ұсынылады.

2019 жылы Қостанайда Жастар сарайының жанында алғашқы механизатор-әйел, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның мүсіні салтанатты түрде ашылды. Оның құрметіне кітап басып шығарылды, деректі фильм түсірілді, Меңдіқара ауданы Боровское ауылында жергілікті колледжге К. Дөненбаеваның есімі берілді.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай